Алматының Жетісу ауданыдағы «Кемел» шағын ауданы Есім хан көшесі, 127/1 үй мекенжайда ауысымында 200 адам қабылдайтын отбасылық-дәрігерлік амбулатория ашу жоспарлануда. Жетісу ауданының әкімі Гүлнар Көкебаеваның Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде хабарлағанындай, бүгінгі таңда қажетті құрал-жабдықтар сатып алынды, медицина қызметкерлерінің штаты қалыптастырылды, мердігер ұйым ескертулерді жою бойынша жұмыстар жүргізуде.
«Қолжетімділікті арттыру және халыққа сапалы медициналық көмек көрсету Алматының барлық жергілікті атқарушы органдары үшін басымдық болып табылады. Сондықтан халықтың жыл сайынғы өсімін ескере отырып, емханалық желіні дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, аудан тұрғындарының медициналық қызметтерге қадамдық қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін аудан әкімдігі Омаров көшесі бойынша 300 келушіге және Нүсіпбеков көшесі бойынша 200 келушіге арналған 3 емхана ғимаратын сатып алды. Сондай-ақ, Райымбек даңғылындағы Жұмысшы кентінде ауысымда 240 келушіге аналған. Омаров пен Нүсіпбеков көшелеріндегі болашақ емханаларда күрделі жөндеуді мердігер ұйым жүргізетін болады. Ғимараттарды жөндеу осы айда басталады, ал нысандар 2024 жылдың маусым айында ашылады деп жоспарлануда», - деді ол.
Жұмысшы кентіндегі емханада жөндеу жұмыстары аяқталып, инженерлік желілер қосылды. Бүгінгі таңда жиһаз, кеңсе техникасы, компьютерлер, медициналық жабдықтар сатып алу бойынша мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде. Осылайша, ағымдағы жылдың желтоқсан айында Алматы қаласының Жетісу ауданында емхана ашу жоспарлануда.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі