30.03.2023

«Алматы-1» және «Алматы-2» темір жол вокзалдары «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына қайтарылады. Бұл туралы Ерболат Досаев Түрксіб ауданының тұрғындарымен кездесуінде айтты.

Алматы әкімімен кездесуге арнайы келген Түрксіб ауданы тұрғындарының бірі Алматы -1 темір жол вокзалы маңындағы мәселені көтерді.

«Бірінші мәселе, Алматы-1 вокзалына қатысты. Көлік қозғалысын реттеу керек. Көлік кептелісі Шолохов көшесіне жетеді. Сондай-ақ Ақан сері көшесіне солға бұрылуды алып тастады. Алматыдағы бірінші вокзалға биыл 50 жыл толады. Сондықтан оған аз да болса жөндеу жұмыстарын жүргізуіңізді сұраймыз.

Екінші мәселе, Түрксібтің жүз жылдығы жақындап қалды, 1927 жылы құрылыс басталып, 1930 жылы аяқталды. Біздің аудан осы атақты теміржолдың атымен аталғаны белгілі. Сондықтан оның жүз жылдық мерейтойына орай Алматы-1 теміржол алдына Түрксіб заманындағы паровоз қойылса деген тілек бар. Осы мәселені қарастырып, рұқсат беруіңізді сұраймыз», - деді ол.

Алматы әкімі Ерболат Досаев екі вокзал да өте маңызды көлік инфрақұрылымы жүйесі екенін атап өтті.

«Алматы-1 темір жол вокзалы маңындағы аумақты ретке келтіру керек. Автотұрақ ретінде ұйымдастыруға болатын жеке аймақ бар. Мен жер қатынастары бөліміне осыны қарауды тапсырдым – бәлкім, аумақты көліктерден босату үшін көпдеңгейлі автотұрақтар саламыз. Ақан сері көшесіне солға бұрылуға келсек, қалалық мобильділік басқармасына оны анықтап, шешім қабылдауды тапсырамын»,- деді ол

Сондай-ақ Ерболат Досаев Алматы-1 және Алматы-2 темір жол вокзалдары «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына қайтару туралы шешім қабылдағанын айтты.

«ҚТЖ ұлттық компаниясы вокзалдарға жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр. Оның дамуына қаржы салады. Түрксібтің жүз жылдығына қатысты айтар болсам, әкімдерге, қалалық комиссияға тапсырма берілді. Биыл Түрксіб ауданына 85 жыл толады. Іс-шаралар ұйымдастырылады. Мәслихат жұмысын бастаған бойда биыл Түрксіб ауданындағы барлық өзекті мәселелерін шешуді сұрап, жүгінетін боламыз», - деді Ерболат Досаев.

 

 

 

Дереккөз: inform.kz