Олимпиадаға 16 елдің оқушылары бақ сынайды.
2024 жылғы 8-13 қаңтар аралығында Алматыда О. Жәутіков атындағы республикалық мамандандырылған физика-математика орта мектеп-интернаты базасында Білім және ғылым министрлігінің және қала әкімдігінің қолдауымен дарынды балаларға арналған ХХ халықаралық Жәутіков олимпиадасы өтіп жатыр.
Олипиада 3 жыл бұрын онлайн өтсе, биыл офлайн форматта өтіп жатыр. Олимпиада аясында дәстүрлі түрде физика-математикалық бағыттағы мамандандырылған мектептер арасында 3 пән бойынша байқау өткізіледі. Басқа халықаралық олимпиададан ерекшелігі осында және жастардың зияткерлік әлеуетін дамыту үшін осы ғылыми пәндердің маңызын көрсетеді.
Жарыс екі кезеңнен тұрады – теориялық және тәжірибелік тұрғыда қатысушылар тапсырма орындайды. Олимпиаданың қорытындысы әр пән бойынша жеке есепте шығарылады.
- Жәутіков атындағы олимпиаданың ауқымымен кеңінен танылуы Алматы үшін маңызды оқиғаға айналды. Мықты физика-математика мектебімен танымал қаламыздың оқушыларының жеңісі мен жетістігін мақтан тұтамыз. Жәутіков олимпиадасының жеңімпаздары мен жүлдегерлері Қазақстан мен шетелдерде зор жетістікке қол жеткізіп келеді. Олар MIT, KAIST, Йель, Кембридж сынды әлемдегі ең беделді университеттердің студенттері, - деді Алматы әкімі Ерболат Досаев олимпиаданың ашылу салтанатында.
Сондай-ақ қала әкімі Алматыда халықаралық Жәутіков олимпиадасын өткізу игі дәстүрге айналғанын айтты. 2005 жылы алғаш рет өткізілген кезде 5 мемлекеттен 189 оқушы қатысқан. Биыл олимпиадаға Қазақстан, Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Болгария, Тәжікстан, Моңғолия, Грузия, Сербия, Үндістан және Румынияны қосқанда, әлемнің 16 елінен 600-ге жуық қатысушы, 85 команда қатысады.
Олимпиаданың қорытындысы бойынша жеке рейтинг, сонымен бірге мамандандырылған мектептердің мықты командаларының рейтингі шығарылады. Олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне бағалы сыйлықтар беріледі. Жеңімпаздарға сыйлықтар мен білім беру гранттары қарастырылған.
Дереккөз: Almaty.tv.