Мегополисте 1116 ғимарат тектоникалық жарықта орналасқан.
Алматыда 2000 жылдан кейін салынған нысандарға сейсмикалық аудит басталды. Осы арқылы мегаполистегі ғимараттардың паспортын соңғы 5 жылдағы қала дамуын ескере отырып жаңартуға болады.
Бес жыл бұрын Алматыдағы 11 мың ғимаратқа тексеру жүргізілген. Олардың 35 пайызына «жер сілкінісіне жарамсыз» деген қорытынды шығарылған. Мегополисте ағаш пен қамыстан салынған 1400 үй бар.
Тектоникалық жарық деген ұғым бар. Егер зілзала бола қалса, бұл аумақтағы бардың бәрі жер астына кетуі мүмкін. Өйткені, тақталардың түйіскен тұсы осы. Алматыда осындай 1116 ғимарат тектоникалық жарықта орналасқан. Оның ішінде 362 ғимарат сейсмикалық төзімді болмай шыққан.
– Биыл Алматы өңірінде 539 жер сілкінісі тіркелді. Оның бәрі әлсіз. Жер сілкінісінің көбі арнайы құралдардың көмегімен тіркеледі. Ал 4-5 рет жер сілкінгенде тұрғындар сезді, – деді «Сейсмология институты» ЖШС директорының орынбасары Нұрсәрсен Өзбеков.
«Жойқын дүмпулер әр 100 жылда бір қайталанып тұрады»деген тұжырым бар. Бірақ елде мұндай нақты жиілікті анықтау қиын. Бұған дейінгі бірнеше жүзжылдықтағы жер сілкінісі туралы ақпар жоқ. Қолда бар мәлімет тек 1887, 1911 жылдардағы жойқын апатпен шектеледі. Сондықтан «бір ғасырда бір рет міндетті түрде зілзала болады» деу қате.
– 2023-24 жылдары Алматы қаласындағы 16 701 тұрғын үйдің құжаты тексерілді. Мәліметін алғаннан кейін ары қарай есеп-қисап жасалады. Алматы қаласы 9-10 балдық аймақ болғаннан кейін, зілзала кезінде қандай ғимараттар қирайды, қанша шығын кетеді, соның бәрі есептеледі, – деді «ҚазҚСҒЗИ» АҚ Өндіріс жөніндегі басқарушы директоры Ералы Шоқбаров.
Апаттың алдын алу мен зілзала жағдайында шығынға ұшырамас үшін жүргізіліп жатқан сейсмоаудит 2024 жылдың желтоқсанына дейін жалғасады. Зерттелетін нысанның басым бөлігі – қоғамдық ғимараттар. Одан бөлек, 1641 көппәтерлі тұрғын үйдің де жайы жан-жақты қаралады.
– Біздегі бекітілген стандарт 9 балдық зілзала жағдайына жасалған. 10 балдық жер сілкінісі болса, көпқабатты тұрғын үйлер мен зәулім ғимараттардың түгі қалмайды. Сол үшін біз құрылысқа мемлекеттік бақылауды қайтаруымыз керек. Әр салынған нысан арнайы талапқа сай тексерілсін, – деді урбанист Гүлмира Байғабылова.
Сейсмологтар «Алматыда жеті балдан асатын жойқын жер сілкінісі жақын уақытта бола қоймайды» дейді. «Сақтықта қорлық жоқ» дегендер бұған дейін сейсмикалық белсенділігі 6 қабаттан аспайтын ғимарат салудың шектелетінін де жеткізіп еді. Бұл ереже көбіне мегаполистің 10 балдық аймақтарында енгізілген.
Дереккөз: Almaty.tv.