Алматыда жүкті әйелдер мен нәрестелерге арналған үшінші перинаталдық орталық ашылды

09.02.2023

Енді орталық қаланың үш ауданында көмек көрсетеді.

Алматыда жоғары тәуекел тобындағы әйелдерге медициналық көмек көрсететін үшінші перинаталдық орталық ашылды.

Алматыда №2 қалалық перзентхана перинаталдық көмекті аудандастырудың екінші деңгейінен үшінші деңгейіне өтіп, заманауи денсаулық сақтаудың барлық қажетті талаптарына жауап беретін №2 қалалық перинаталдық орталық болып қайта құрылды.

«Енді орталық қаланың үш: Түрксіб, Жетісу және Медеу ауданында жүкті әйелдер мен жаңа туған нәрестелердің ең ауыр контингентіне жоғары білікті акушерлік көмек көрсетеді», – деп мәлімдеді Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Үшінші деңгейге өтуді ескере отырып, шала туған нәрестелерге арналған 5 реанимациялық төсек-орын және жаңа туған нәрестелер патологиясы мен шала туған нәрестелерді күту үшін 10 төсек-орын қарастырылған.

Әрбір палата оттегі орнымен жабдықталған, бұл нәрестеге палатада анасымен ертерек бірге болуға мүмкіндік береді.

«2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап перзентхана ауыр экстрагениталды патологиясы бар және мерзімінен бұрын босану қаупі бар әйелдерді қабылдауды бастады. 2023 жылдың қаңтар айында 401 босану орын алып, 404 тірі сәби дүниеге келді, оның 6 егіз, 40 шала туған нәресте. Салмағы төмен шала туған нәресте мен дене салмағы өте төмен нәрестелер саны көбейді. Қазіргі таңда №2 қалалық перинаталдық орталықтағы ең кішкентай науқастың салмағы небәрі 634 грамм», – дейді орталықтың бас дәрігері Берік Жарқынбеков.

Қазіргі уақытта орталық жоғары санатты жабдықтармен жеткілікті түрде жабдықталған. Патологиясы бар жаңа туған нәрестелерді күту және реанимациялау үшін барлық қажетті құрал-жабдық бар. Сондай-ақ қызметкерді шақыру, жедел әрекет ету, науқасқа алғашқы медициналық көмек көрсету үшін SOS жүйесі бар.

«Алматыда жүкті әйелдер мен жаңа туған нәрестелердің ең осал контингентіне жоғары білікті медициналық көмек көрсететін 3 Перинатологиялық орталық жұмыс істейді: Перинатология және балалар кардиохирургия орталығы, Бәсенов көшесі №2а, Қалалық перинаталдық орталық, Жұбанов көшесі №11 және №2 Қалалық перинаталдық орталық, Жангелдин көшесі №28», – деп жазды ҚДСБ баспасөз қызметі.

 

 

 

Дереккөз: Almaty.tv.