16.03.2023

2023 жылы қаланың 5 шағынауданында жол салу жоспарлануда.

Алматыда қала әкімі Ерболат Досаевтың төрағалығымен 2023 жылға арналған жол жұмыстарының жоспарларын талқылау және жол жөндеу жұмыстарының маусымына дайындық бойынша кеңес өтті.

Кеңеске әкімдіктің бейінді басқармаcы мен ведомстволық бағынысты ұйымының басшылары, аудан әкімдері, жол құрылысы саласында техникалық қадағалауды жүзеге асыратын мердігерлік ұйымдар мен компаниялардың өкілі қатысты.

Ерболат Досаев қыс мезгілінен кейін қала тұрғындары жолдың қазіргі жағдайына лайықты наразылық тудыратынын атап өтті.

«Шұңқырлардың пайда болуына, люктердің түсуіне және қыста коммуналдық кәсіпорындардың апатты және жоспарлы қазулар жүргізуіне байланысты жолдарды ағымдағы жөндеуді жүргізу мәселесі өткір тұр. Тұрғындар тарапынан жұмыстың кешігуіне байланысты көшелердің ұзақ жабылуына қатысты тұрақты және әділ шағым бар. Жұмыстарға селқос қарау, формализм және сапа деңгейінің төмендігі, бекітілген стандарттар, тәжірибе көрсеткендей, оң нәтиже бермеуде. Қалаға сапалы жол қажет. Жұмысты дұрыс жүргізе алмайтын компаниялар енді қалада жол жөндеу жұмысымен айналыспайды», - деді қала әкімі.

Алматы әкімі мердігерлік ұйымдар өткен жылы жіберген барлық кемшілікті қысқа мерзімде жоюды тапсырды. Қала әкімінің тапсырмасы бойынша тұрғындарды алдын ала хабардар ету және процестердің ашықтығын, мердігерлік ұйымдардың есептілігі мен тәртібін арттыру үшін ведомстволық сараптамадан өткеннен кейін учаскелер мен орындау мерзімдері көрсетілген жұмыс кестесі жарияланатын болады.

2023 жылы қаланың 5 шағынауданында (Қайрат, Алғабас, Ақжар, Шұғыла және Шаңырақ-1) жол салу жоспарлануда.

Қалада орташа жөндеумен ұзындығы 200 км-ден асатын 220 көше, ағымдағы жөндеумен 350 мың шаршы метрден астам көше қамтылады. Бұл мақсаттарға тиісінше 20 млрд теңге және 2,8 млрд теңге бөлінді.

Сондай-ақ, ұзындығы 30 км тротуарлар мен 40 аялдама кешенін жөндеу жоспарлануда.

Ерболат Досаев биылдан бастап өкілеттіктерді орталықсыздандыру және жекелеген бюджетті аудан әкімдіктеріне бөлу аясында жол төсемінің ағымдағы жөнделуі мен жай-күйі үшін аудан әкімдіктері жауапты болатынын атап өтті. Қала басшысы оларды жолдағы кемшіліктерді жою бойынша жедел шара қабылдауға міндеттеді.

Қала басшысы жол төсемінің сапасын қамтамасыз ету және мерзімдерді сақтау үшін инженерлік желілерді төсеу және жолды кейіннен жөндеу жұмыстарын синхрондау қажеттігін атап өтті. Энергетика және сумен жабдықтау басқармасына тұрғындар мен жеке компаниялар тарапынан кейінгі жеке қазуларды болдырмау мақсатында инженерлік желілерді абонентке тікелей жеткізуді қамтамасыз ету тапсырылды. Аудан әкімдіктеріне тұрғындар арасында ақпараттық жұмысты күшейту тапсырылды жолды жөндеу және салу инженерлік желілерді салу жұмыстары аяқталғаннан кейін ғана мүмкін және орынды болады.

Кеңес барысында Ерболат Досаев бүгінде жолдың ең өзекті мәселелі люктер екенін атап өтті. Олардың сапасыздығына және төсеу технологиясының бұзылуына байланысты асфальт барлық жерде шөгеді, шұңқырлар, кетіктер мен жарықтар пайда болады. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін өткен жылы Алматы әкімінің тапсырмасы бойынша тестілік режимде қалада шетелде қолданылатын «қалқымалы» корпустары бар жаңа технология бойынша 25 люк орнатылды. Халықаралық тәжірибе негізінде асфальттың ойық түзілуін төмендету үшін Гоголь көшесінің үш учаскесінде полимерлерді қолдана отырып, асфальтбетон қоспасын пилоттық пайдалану бойынша сынақтар жалғасуда. Жаңа шешімдер өзінің тиімділігін көрсетті және күзгі-қысқы кезеңде жүктемелерге төтеп берді. Ерболат Досаев оларды орташа жөндеу және жаңа жолдар салу кезінде кеңінен қолдануды тапсырды.

Кеңес барысында жолдардағы қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылды. Ағымдағы жылы 220 мектептің жанында 270 реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелі жарықтандырылады. Орташа жөндеу шеңберінде Vision Zero тұжырымдамасы аясында жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстар жалғасатын болады. Қала әкімдігі қауіпсіздік бөліктерін орнату және велосипед жолақтарында 4 мың сигналдық боллард орнату жұмыстарын жоспарлауда. 179 объектіде реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелдері орналасқан жерлерде дыбыс жолақтарын салу жоспарлануда.

Мердігерлік ұйымдардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету, сондай-ақ жауапкершілік аймағын арттыру үшін Алматы әкімі 3 жыл мерзімге жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету (жол жүрісін реттеудің техникалық құралдарына қызмет көрсету және ұстау) жөніндегі жұмыстарға шарт жасасуды қамтамасыз етуді тапсырды.

Жалпы, «Алматы қаласын 2025 жылға дейін дамыту бағдарламасы және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективаларын» іске асыру аясында ағымдағы жылы автомобиль жолдарының үлесін жақсы және қанағаттанарлық жағдайда 89%-ға (2022 жылы – 86%), 2025 жылға қарай 95%-ға дейін жеткізу жоспарлануда.

Кеңес қорытындысы бойынша Ерболат Досаев жұмыстардың сапасын бақылауды күшейтуді, мердігер ұйымдардың құрылыс-жөндеу нормаларын сақтауын қамтамасыз етуді және шарттық міндеттемелер орындамаған жағдайда – жосықсыз мердігерлер тізіміне енгізуді, материалдарды құқық қорғау органдарына беруге дейін қатаң шаралар қабылдауды тапсырды. Мердігерлік ұйымдар жұмыс сапасын арттыру бойынша шаралар қабылдауға және атқарылған жұмыс үшін жауапкершілікке тартылуға міндеттенді.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолда

 

 

 

Дереккөз: Almaty.tv.