Алматыда апатты жағдайдағы үйлерді бұзудың жаңа бағдарламасы әзірленіп жатыр. Бұл туралы Ерболат Досаев Алатау ауданы тұрғындарымен кездесу барысында мәлім етті.
Райымбек даңғылы, 347 мекенжайында орналасқан тозығы жеткен үйдің тұрғындары кездесу кезінде қала әкімінен оларды қоныстандыруға қаржы бөлуді сұрады.
Өз кезегінде, Ерболат Досаев биыл қала бюджетінде қоныстандыруға қаржы қарастырылмағанын, мүмкін болса, бөлуге уәде берді.
«Жергілікті бюджет есебінен апатты жағдайдағы үйлерді бұзудың жаңа бағдарламасы әзірленіп жатыр. Қазір біз әсіресе, адамдар тұру мүмкін емес үйлерді қарастырып жатырмыз. Барынша қаражат бөлінеді. Сонымен қатар, тозығы жеткен үйлердің тұрғындарын қоныстандыру мәселесін өз мойнына алу үшін мердігер компаниямен келіссөздер жүргізіп жатырмын. Яғни, компанияларға құрылыс жүргізуге рұқсат беріледі, олар оның орнына бізге адамдарды қоныстандыруға қол ұшын береді», – дейді Ерболат Досаев. Мегаполис басшысы жаңа бағдарлама күзге дейін дайын болатынын атап өтті. «Осы бағдарлама бойынша біз әр ауданда қандай үйлер бұзылатынын және қай мерзімде адамдарды басқа жаққа қоныстандыруға болатынын анықтаймыз», - деп жауап берді ол.
Дереккөз: inform.kz