Клиника 15 мың адамға қызмет көрсететін болады.
Алматыда Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық ғылыми-техникалық университетінің жанынан 15 мың адамға қызмет көрсететін студенттік емхана ашылды.
Медициналық мекеме барлық құрылғымен жабдықталып, тиісті мамандармен толыққан. Мұнда салалық дәрігерлер де бар. Жаңа нысанның ашылу рәсіміне Алматы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова арнайы қатысты. Ол 120 млн теңге инвестицияға салынған мекеменің мүмкіндігін көріп, оң бағасын берді. Әкім орынбасары мекеме жуық арада сақтандыру қоры есебінен халықты тегін қабылдайтынын атап өтті.
«Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету – ауруды алдын алудың, жалпы дәрігерлік саланың негізі. Сондықтан мұндай нысандардың ашылуы әрине, көңіл қуантады. Алдағы уақытта бұл емхананы Алматы инфрақұрылымын дамытудың өңірлік жоспарына енгіземіз. Соның арқасында мекеме міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан қаржыландырылады», – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова.
Клиника 15 мың адамға қызмет көрсететін болады. Оның ішінде университет қызметкерлері мен олардың отбасы және қаладағы жоғары оқу орнының студенттері дәрігер көмегіне жүгіне алады. Сондай-ақ ғимаратқа жақын маңда тұратын халық та тіркеле алады. Жаңа нысанда 40-қа жуық жұмыс орны ашылмақ. Қазірдің өзінде 20-дан аса тәжірибелі дәрігер іске кіріскен.
«Мұнда лор, окулист, кардиолог, гинеколог, эндекринолог, хирург, травматолог бәрі қамтылған. Амбулаториялық қызметпен қатар клиника-диагностикалық қызмет те көрсетеміз. Оңалту кабинеттері мен күндізгі стационар бар», – деді қалалық студенттік емхананың меңгерушісі Айнұр Сүйінтаева.
Емхана барлық құрылғымен жабдықталған. Мұнда бірден алты функцияны атқаратын ультра-дыбыстық зерттеу құрылғысы, офтальмологиялық, ЛОР аппараттары бар.
«Біз үшін өте тиімді. Біздің университеттің аумағында орналасқан біріншіден. Студенттік емхананың жанында жатақханаларымыз да бар. Егер қандай да бір қиын жағдай туындаса осы жерге келіп сапалы медициналық қызметке сүйенеді деп ойлаймыз», – деді студент Жұлдыз Жанболат.
Алдағы уақытта медициналық орталық өкілдері ересектер мен балаларға арналған тіс емдеу кабинеттерін ашуды жоспарлап отыр.
Дереккөз: Almaty.tv.