Бастама Медеу ауданы әкімдігі тарапынан да қолдау тапты.
Алматыда қараусыз жүрген ит-мысықтарға арналып үйшік орнатыла бастады.
Игі бастаманы жануарларды қорғау қоғамдық қорының жетекшісі Наталья Сульжук көтерген. Айтуынша, бұған соңғы уақытта үй жануарларына қорлық көрсетуге қатысты арыздың көбейгені себеп болыпты. Бастама қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы мен Медеу ауданы әкімдігі тарапынан да қолдау тапты. Ал тұрғын үй ауласына орнатылған үйшіктерді жасауға қаржыны әкімдік бөлген.
«Үй жануарларына қамқорлық көрсетуді алдымен ұлым айтты. Ресейде және басқа да шет елдерде осындай үйшіктер бар екен. Тұрғылықты мекені жоқтар сонда барып паналайды. Ұлымның идеясы мені ойландырды. Кейіннен қала басшылығына айтқанымда ойым бірден қолдау тапты», – деді «Animal security» қоғамдық қорының жетекшісі Наталья Сульжик.
Пилоттық жоба ретінде басталған бастама болашақта үлкен бағдарламаға айналуы мүмкін. Себебі, Медеу ауданында осындай 20 үйшік жасап, түрлі мекен-жайда орналастыру жоспарланып отыр. Кейіннен бұл өз тиімділігін көрсетсе, қаланың басқа да аудандарына қойылмақ. Үйшіктерді мекен ететін мысықтарға алдағы уақытта еріктелер де келіп, көмегімізді аямаймыз деп отыр.
«Біздің тұрғын үй ауламызда қараусыз қалған мысықтар өте көп. Олардың тұрақты мекені жоқ. Бүгінге дейін үйдің жертөлесі мен түрлі жылы орында жан бағып келді. Бірі тамағын береді, енді бірі үйіндегі жылы-жұмсағын әкеліп, осында тұратын жергілікті тұрғындар қарайласып келген еді. Үйшік орналастыру үшін рұқсат сұрағанда қуана-қуана қолдайтынымызды айттық», – деді тұрғын үй кешені ПИК төрағасы Мұхит Капанов.
Дереккөз: Almaty.tv.