Кадр тапшылығын төмендету және мамандардың әлеуетін арттыру үшін қалалық бағдарлама аясында жыл сайын жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға қаржы бөлінеді.
2021 жылдан бастап Алматы қаласында сұранысқа ие клиникалық мамандықтар бойынша резидентурада оқуға қабылдау жергілікті бюджет есебінен жүргізіліп келеді. 2021-2023 жылдар аралығында резиденттерді даярлауға арналған 380 білім беру гранты бөлінді (2021 жылы – 120, 2022 жылы – 120, 2023 жылы – 140). 2024 жылға тағы 140 қалалық білім грантын бөлу көзделген.
Резидентураның қалалық білім беру тапсырысын бөлу кезінде Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының ведомстволық бағынысты медициналық ұйымдарының өтінімдеріне сәйкес қаланың қажеттілігі ескеріледі.
Биыл шілде айындағы жағдай бойынша дәрігерлердің тапшылығы бейіндегі мамандар есебінен 162 штаттық бірлікке жетті, атап айтқанда акушер-гинекологтар, анестезиологтар-реаниматологтар, аллергологтар, кардиологтар, невропатологтар, инфекционистер, эндокринологтар және т.б. тапшы.
Бейінді дәрігерлердің тапшылығы мамандандырылған медициналық көмекке деген қажеттіліктің артуына байланысты консультациялық-диагностикалық қызметтердің көбеюімен байланысты, бұған бала туу көрсеткішінің өсуі, салмағы аз болып туған балаларды күтудің жоғары пайызы және ішкі көші-қон себеп.
Бұған қоса, қала әкімдігі орта медициналық мамандарды даярлау бойынша ауқымды жұмыс жүргізіп отыр. Мысалы, биыл мақсаттарға 1 млрд 464 млн теңге сомасына 1113 грант бөлінді, былтыр бұл сома шамамен 886 млн теңге (1032 грант) болған.
Алматы қаласында орта буын медбикелерін 13 медициналық колледж дайындайды, оның 1 мемлекеттік, 12 жекеменшік. Мамандар 8 мамандық және 10 біліктілік бойынша даярланады.
Жыл сайын 2 500-ден астам орта медициналық қызметкер даярланады, оның 1700-ден астамы «Мейірбике ісі» мамандығы бойынша оқиды.
Айта кетейік, үш деңгейлі жүйе бойынша оқытудың арнайы бағдарламасы жыл сайын 3 340 маман мен 70 менеджерді дайындайды (2023 жылы бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 1,9 млрд.теңге бөлінді). Әрі оның аясында жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар 140 маман даярланады.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі