Алматыда отандық және шетелдік сарапшылар интеллектуалдық меншік саласы бойынша оқу өткізеді

19.09.2023

Алматыда дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (ДЗМҰ) жазғы мектебі ашылды.

Салтанатты шараға қатысқан Әділет министрі Азамат Есқараев жазғы мектеп осымен екінші маусым қатарынан нәтижелі жұмыс істеп келе жатқанына тоқталды. Қазпатент мекемесі мұрындық болған бұл мектеп өткен жылы тұңғыш рет іске қосылған болатын. Қазақстан мен қатар оқыту бағдарламасы бойынша Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей және Болгария елдерінің мамандары онлайн режимде өз білімін жетілдірген еді.

«Мектептің оқыту бағдарламасы зияткерлік меншік саласының әр бағытына арналған лекциялардан құралған. Ол зияткерлік меншікті бағалауды үйретеді. Брендтеу, материалдық емес активтерді басқару, технологияларды қорғау, лицензиялау, авторлық және сабақтас құқықтар, патенттер және инновациялар, тауар белгілері, бұзылған зияткерлік меншік құқығын қорғау және басқада осы бағытқа қатысты сұрақтар қамтылады» - деді Әділет министрі Азамат Есқараев.

ДЗМҰ жазғы мектебіне қатысу, зияткерлік меншік саласындағы мамандар, менеджерлер және бизнес иелері үшін зияткерлік меншік бағытын жіті зерттеп әлемнің және Қазақстанның тәжірибелі мамандарынан білім алуға таптырмас мүмкіндік екенін атап өткен жөн. Бұл болашақта ең сұранысқа ие мамандықтардың бірі болады деуге толық негіз бар.

Сонымен қатар Әділет министрі Азамат Есқараев ДЗМҰ жазғы мектебінің ашылуы шеңберінде Алматы облысындағы «Мак» бау-бақша шаруашылығының өкілдерімен кездесті. Министр шаруалармен алматылық апортты дамыту жоспарын талқылады. Естеріңізге сала кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы апортын дамыту арқылы әлемдік брендімізге айналдыру керек деген болатын.

 

 

 

Ақпарат көзі: Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі