Алматыда оқу жылы басталғанға дейін 100 жаңа автобус жолға шығады

28.07.2023

Алматыда тұрғындарға қызмет көрсету сапасы мен жайлылығын арттыру үшін оқу жылы басталғанға дейін маршрутқа 100 жаңа автобус шығады.

Қазіргі уақытта қалалық автопарк 30 автобуспен толықты, қалған 70-і жақын арада келеді.

Бұл автобустар есебінен жылжымалы құрам №37, 38, 38а және 201 маршруттарда жаңартылады. Әрі №24, 125, 131 маршруттарға автобустар қосылады, яғни қолданыстағы маршруттар жаңа автобустармен толығады.

Бұған дейін мегаполис әкімі Ерболат Досаев халықпен кездесулерде 2023 жылы Алматыда қосымша 600 жаңа автобус сатып алынатынын хабарлаған. «Қоғамдық көлікті дамыту біз үшін басты басымдықтардың бірі. Халықтың шағымының дені қоғамдық көлік жұмысының сапасына, атап айтқанда кейбір қолданыстағы маршруттардың жайсыздығына және жоспарлы қозғалыс аралығын сақтамауға қатысты. Сондықтан біз бұл мәселелерді шешуді қолға алып жатырмыз», - деді әкім.

Қалған 500 автобусты сатып алуға шарт жасалды.

Алматыда барлығы 2000-нан астам автобус, 163 маршрут, 24 тасымалдаушы жұмыс істейді.

 

 

 

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі