Алматыда коронавирус жұқтырғандардың саны артып келеді. Онымен ауыратындардың басым бөлігі балалар. Бұл туралы И. Жекенова атындағы қалалық клиникалық инфекциялық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Тамара Утаганова айтты.
Дәрігердің айтуынша, Алматыда коронавирус жұқтырған 140 адам ем алуда. Оның басым бөлігі балалар. Арасында 5 жасқа дейінгі балалар бар. Сонымен қатар, ересектер арасында қауіп-қатер тобына жататын қарттар мен жүкті әйелдер бар. Олардың саны балаларға қарағанда аз.
«Алматыда бүгінде өткен жылдардағыдай маусымға байланысты басқа да жұқпалы аурулар бар. Мысалы, қазіргі жедел ішек инфекциясының мезгілі. Осыған орай, онымен ауыратындар кездеседі. Күнделікті біздің ауруханаға 15-ке дейін адам келіп, қаралады, 10 шақты адам ауруханаға жатады. Сондықтан біз қазір коронавирустан бөлек, жыл сайын кездесетін жұқпалы аурулардың алдын алу жұмыстарымен айналысудамыз»,- деді Тамара Утаганова.
Ол сондай-ақ жедел респираторлы вирустық инфекция бойынша қазір жағдай тұрақты екенін айтты.
«Қазір тұрғындар арасында вакцина алғандар, ревакцинанация жасағандар өте көп. Оның үстіне қайта имунизация, қайта ревакцинация алып жатқандар саны көп. Сондықтан егер аурудың санына емес, сапасы жағынан ауырлығына қарайтын болсақ, жағдай әлдеқайда тұрақты», - деді дәрігер.
Дереккөз: inform.kz