Алматыда электр самокаттардың жылдамдығы шектелді және оларды жалға алу ережелерін өзгертті

18.07.2022

Қала тұрғындарының электр самокаттарының реттелмейтін қозғалысы мен оларды пайдаланудың, соның ішінде тұраққа қоюдың нақты ережелерінің жоқтығына қатысты көптеген шағымдарына байланысты Алматы әкімдігі электр самокаттарын жалға беру сервистерінің қызметін реттеу жөнінде бастама көтерді.

Нәтижесінде Алматы электр самокаттарын жалға алу нарығының 100%-ын алатын 4 ірі компанияның өкілдерімен кездесулер өтті. Талқылау барысында қала тұрғындарының мүддесі үшін Алматыда жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты меморандум жасалды.

Меморандумға сәйкес, қалада электр самокаттардың жылдамдығы қосымшалардың көмегімен 25 км/сағ дейін шектеледі, жасқа қатысты талаптар күшейтіледі – электр самокаттарды тек 16 жастан асқан адамдар ғана жалға ала алады.

Операторлар электр самокаттардың метро кіреберістерінің, қоғамдық ғимараттардың жанында, газондарда, қозғалыс және жаяу жүргіншілер бөліктерінде тікелей жақын болмауын қадағалайтын болады. Сондай-ақ, қалада арнайы автотұрақтар жасалады. Келесі жылдың соңына дейін қалада 3000 тұрақ орнын жабдықтау жоспарлануда.

Жаңа ережелер меморандумға қол қойылған сәттен бастап бір ай ішінде – ағымдағы жылдың 15 тамызына дейін күшіне енеді.

Еске салсақ, самокаттарды жалға беру қызметі Алматыда 2018 жылдан бастап қолға алынды. Қазіргі уақытта нарықта 15 мың электр самокатын жалға беретін 4 компания (Sym, Jet, Eleven, Whoosh) жұмыс істейді. Бүгінгі таңда қалада күн сайын электр самокаттармен 100 мыңға жуық жол қозғалысы жасалады.

 

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің байланыс қызметі