Бизнес идеясын жүзеге асырғысы келген 1 мыңнан аса адам құжат тапсырған.
Алматыда биыл 94 адам қайтарымсыз грант ұтып алды. Бірінші кезеңде бизнес идеясын жүзеге асырғысы келген 1 мыңнан аса адам құжат тапсырған.
Көпбалалы ана Әйгерім Бағдәулет осыдан бір жыл бұрын мол тәжірибесі бар ұстаз еді. Қазір кішігірім бизнесі бар кәсіпкер. Ол аз уақыт ішінде ісін дөңгелетіп, көп арасында кең сұранысқа ие шоколадтағы құлпынай және құрма, кептірілген жемістерден себет жасап сатады. Бастапқыда кәсібін үйден бастаған көп балалы ана өзінің еңбегінің арқасында инвестор да тауып алған. Ол ғимаратты пайдалануға рұқсатын беріпті.
«Қыркүйек айында грант ұтып алдым. Сол гранттың ақшасына бірінші тоңазытқыш, аппарат секілді қажетті затымды сатып алдым. Ғимараттың жөндеу жұмысын өзім жасадым», – деді көп балалы ана Әйгерім Бағдәулет.
Қазір келіншек 2 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Мақсаты – осы кәсіпті ары қарай дамыту және үйде отырған аналарға шеберлік сағатын өткізу. Әйгерім Бағдәулет грант алуға құжаттарын былтыр тапсырған, енді міне жұмысының жемісін көріп отыр.
«Менің басты мақсатым – өзгелерге қуаныш сыйлау. Елге қуаныш сыйлауды жақсы көремін. Іске асып жатқанына қуанамын және маған шабыт береді. Барды көбейтуге тырысып жатырмыз. Бастапқы құрал-жабдықтарды 20-30 мың теңгеге алуға болады. Сондықтан, 1 миллион 225 мың жетеді», – деді көпбалалы ана Әйгерім Бағдәулет.
Алматыда жыл басынан бері 94 адам қайтарымсыз грант ұтып алған. Оның құрамында 61 көп балалы ана, 13 мүгедек бала тәрбиелеп отырған жан, асыраушысынан айырылған 6 отбасы және мүмкіндігі шектулі жандар бар. Жалпы биыл 4 іріктеу кезеңі өткізіліп, бас-аяғы 375 адам кәсіп иесі атанады. Ал берілетін қайтарымсыз гранттың мөлшері – 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яки 1 миллион 380 мың теңге.
«Көп балалы аналарымыз үйден шыға алмағандықтан «үйінде тігін тігеміз» деп жатыр. Бизнес жобасын дайындап жатыр. Торт пісіріп, кулинария жағынан өзін дамытқысы келетін ойы бар. Бухгалтерлік қызмет көрсетуді де ұсынғандар бар. Ол кісінің алғанына 2 аптадай уақыт болды. Ереже бойынша 3 айдың ішінде мемлекет берген қаражатты игеруі тиіс», – деді Жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы Гаухар Әуелова.
Қажетті құрал-жабдықтарын алған соң кәсіп иелері жұмыспен қамту орталығы мамандарына есеп тапсырады. Одан кейін де әр 3 ай сайын 1 жыл көлемінде жұмыс барысымен таныстырып отыруға міндеттеледі. Ал кәсібін ашпай, мемлекет берген қаржыны басқа мақсатта жұмсағандардың ісі сотқа жолданады.
Дереккөз: Almaty.tv.