05.12.2023

Алматыда бағдарламалау саласындағы ең ірі жарыстардың бірінің бүкіл әлем әзірлеушілер қауымдастығы үшін көптен күткен финалы өтті. Биыл ол «Өнерді шешу» ұранымен өтті, қатысушылар тек аналитикалық қабілетті ғана емес, шығармашылықты да қажет ететін бағдарламалық код арқылы маңызды мәселелерді шешуге тиіс еді.

Чемпионатқа қатысуға 70 елден 16000-нан астам адам өтініш берді. Финалға 16 елден 120 адам, оның ішінде Қазақстаннан қатысушылар болды. Әзірлеушілер 6 негізгі бағытта бақ сынасты – аналитика, фронтенд, бэкенд, мобильді әзірлеу, машиналық оқыту және алгоритмдер. Биылғы жылы чемпионаттың жүлде қоры 38 млн теңге. Әр бағыттағы жеңімпаздар барлық міндетті шешу нәтижелері мен жұмысты орындау жылдамдығы бойынша анықталды. Жүлделі орындарды Қазақстан, Жапония, АҚШ, Беларусь, Ресей, Кипр, Германия, Грузия және Швейцариядан келген қатысушылар жеңіп алды.

Алматы қаласы Цифрландыру басқармасының басшысы Олжас Жаңабектің айтуынша, мұндай чемпионаттар еліміздің IT-индустриясы үшін өте маңызды.

«Бүгінде IT-индустрияның болашағы екеніне күмән жоқ, сондықтан біз оны Қазақстанда белсенді түрде дамытып жатырмыз. Өздеріңіз білетіндей, кез келген саланың негізі кадрлар. Yandex Cuр биыл Алматыда өтіп, әлемнің түкпір-түкпірінен ең талантты олимпиадалық бағдарламашыларды жинады. Бұл біздің 2025 жылға қарай 100 000-нан астам білікті IT-мамандарды даярлау мақсатымызға жетуге көмектесетініне сенімдімін», - деді ол.

Финалда Қазақстан атынан қатысқан «Алгоритм» бағытындағы финалист Батыр Сардарбеков чемпионат ұйымдастырушыларына дағдыны шыңдау және шеберлігін көрсетуге мүмкіндік бергені үшін алғысын білдірді.

«Жарыс қиын болды, тапсырмалар оңай емес, бәсекелестер де мықты. Мен финалға өтіп, 4-ші жүлделі орынға ие болғаныма қуаныштымын. Келесі жылы бірінші болуға тырысамын», - деп атап өтті чемпионат финалисті.

Чемпионат соңында қатысушыларға Qazaq Indie музыкалық бірлестігінің артистері, дәстүрлі музыканттар, суретшілер мен ақындар өнер көрсеткен «Дала коды» атты музыкалық-поэтикалық қойылым қойылды. Сондай-ақ, қазақ мәдениеті мен дәстүрлері туралы поэтикалық жолдар кодталған қағаз инсталляциясы ұсынылды. Мұның бәрі дала мотивтерінен шабыттанған өнер туындыларына ерекше атмосфера тудырды.

 

Анықтама үшін:

Іс-шараны Яндекс Қазақстан компаниясы ұйымдастырды. Іс-шара қоғамның назарын ғылым мен технологияны дамыту үшін бағдарламалаудың маңыздылығына аударуға бағытталған

 

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі