Бас қосуда жастардың еңбекке қабілеттілігі мен миграция саласында туған мәселе талқыға түсті.
Бүгін Алматыда Ұлттық құрылтайдың мүшелері бас қосты.
Елдің саяси жүйесіндегі реформаларын талқыға салған этно-мәдени бірлестік өкілдері кез келген маңызды істе әуелі татулық керек екенін алға тартты. Ал, таяуда өтетін Мәжіліс пен маслихат депутаттарының сайлауын әсіресе, жастар арасында кең түсіндіру керек.
«2023 жылы болып жатқан саяси реформаларға жастардың атсалысуы, ұлтаралық қатынастың арасындағы келісім мәселесі қамтылып, диалог форматында өтпек. Жастар әсіресе, этно-мәдени бірлестіктің жастары, Алматыдағы студенттердің арасында, оқытушы мен зиялы қауым арасында талқыға түспек», – деді саясаттану ғылымдарының докторы Жомарт Сімтіков.
Бас қосуда саяси тақырыптан өзге, ел жастарының еңбекке қабілеттілігі мен миграция саласында туған мәселелер талқыға түсті. Өз кезегінде ұсыныс білдірген бірлестік өкілдері «Жаңа Қазақстанның» жастарына сапалы білімнен бөлек, тұрақты жұмыстың керек екенін айтады.
«Негізгі Ұлттық құрылтайдың мақсаты – елдегі ұлтты ұйыстыру, әртүрлі ұсыныс-пікірді жинақтау, олардың шешу жолын қарастыру. Сондықтан, әртүрлі этнос өкілінің тарапынан айтылған ұсынысты, ойды, ортақ мәселені білу мақсатында кездесуді өткізіп жатырмыз», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Ұлттық құрылтай төрағасының орынбасары Бибігүл Жексенбай.
Дереккөз: Almaty.tv.