Алматыда «Мектеп автобусы» жобасы аясында күн сайын 8 мыңнан астам оқушы мектепке қатынай алады

07.09.2023

Үш күннен бері Алматыда 100 жаңа мектеп автобусы жүріп жатыр. Автобустар қаладағы 30 мектепке күніне 8258 оқушыны тасымалдайды. «Мектеп автобусы» пилоттық жобасы Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылды және Қазақстандағы мұндай ауқымды жобаның алғашқысы. Жобаны жүзеге асыру аясында «АлматыЭлектротранс» ЖШС Алматы қаласы Білім басқармасының көмегімен 100 мектеп автобусы (оның ішінде 50-і 21 орындық және 40 орындық 50 автобус) сатып алды. Автобустар  кішкентай және мектептен шалғай тұратын оқушыларды тасымалдайды.

Мысалы, №210 мектеп-лицейіне ықшамауданнан 222 бала тасымалданады. «Байбесік» және «Ұлжан-2» ықшамауданынан 148 бала,  №200 мектеп-гимназиясына Абай саяжайынан 241 оқушыны тасымалдайды. №162 мектеп-гимназиясына 175 баланы «Жас Қанат» ықшамауданынан, ал №183 жалпы білім беретін мектепке мектеп автобусы саяжай алабынан және «Асқартау» ықшамауданынан 76 оқушыны алып келеді.

Мектеп автобустары барлық халықаралық қауіпсіздік стандарттары мен техникалық талаптарға сәйкес келеді: апаттық шығу, қауіпсіздік белдіктері, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған пандус, өрт қауіпсіздігі жүйесі. Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова атап өткендей, әр мектеп бойынша маршруттық парақтар әзірленді. Бұл мектепке дейін жеткізуді қажет ететін барлық баланы қамту үшін жасалады. «Мектеп автобусы» жобасының екінші кезеңін іске асыру үшін Алматы қаласы қалалық мобильділік  басқармасы 2024 жылы қала мектептері үшін қосымша 50 автобус сатып алуды жоспарлап отыр.

«Бүгінгі таңда балаларды отырғызу және түсіру үшін арнайы аялдамалар бар. Сол бағыт бойынша оқушылармен бірге арнайы мұғалімдер де еріп жүреді.  Жобаны одан әрі кеңейтудің арқасында 12500 бала қамтылады. Біздің бағалауымызша, дәл осы 1-11 сыныпқа дейінгі балаларға мектепке қатынау үшін мектеп автобустары қажет»,-деді ол.

Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаеваның айтуынша, қазір 30 мектептің барлығында оқушыларды тасымалдауға келісім-шарт жасалған. Бұл үшін бюджеттен 1,4 млрд теңге қарастырылған.

«1 қыркүйектен бастап барлық автобус тиісті қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, бекітілген маршруттар бойынша балаларды тасымалдайды. «Мектеп автобусы» жобасын жүзеге асыру оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді», - деді Ләззат Әуесханқызы.

 

 

 

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі