Бұл туралы Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Алматы қаласы білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева мәлімдеді. Айта кетейік, мегаполисте барлығы 919 мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдары бар, оларда 79 600 бала (194 мемлекеттік, 725 жеке балабақша) білім алады.
Спикердің хабарлауынша, бүгінде 3 жастан 6 жасқа дейінгі мектепке дейінгі ұйымдарға кезекте 18 118 бала тұр.
«Осы мәселені шешу үшін биыл жергілікті бюджет қаражаты есебінен 6255 орындық 80 балабақша, оның ішінде 5395 орындық 75 жеке меншік балабақша және 860 орындық 4 мемлекеттік балабақша ашу жоспарланған. Бүгінгі таңда 2 630 орындық 47 жаңа балабақша ашылды, оның ішінде 300 орындық 1 мемлекеттік балабақша және 46 жекеменшік балабақша бар«, - деді Л. Жылқыбаева.
Сонымен қатар, биыл жекеменшік балабақшаларға жергілікті бюджет есебінен мемлекеттік тапсырыс бойынша 5000 орынға қаржы бөлінді, бүгінгі күні 3801 орынға жекеменшік балабақшаларда мемлекеттік тапсырыс орналастырылды. Жалпы мемлекеттік білім беру тапсырысы 40 995 орынға 635 жекеменшік мектепке дейінгі ұйымда орналастырылған.
Осы шаралардың нәтижесінде 3 жастан 6 жасқа дейін балаларды мектепке дейінгі тәрбие және біліммен қамту – 93,5% құрады, жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 95% - ға дейін ұлғайту жоспарлануда.
Бұдан басқа, 2023 жылдың қыркүйегінен бастап мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда халықтың әлеуметтік осал топтарының отбасыларынан шыққан 5 мыңнан астам бала тегін тамақпен қамтамасыз етілетін болады.
Алматы қаласын дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасын іске асыру жөніндегі жол картасы және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективаларды орындау шеңберінде Білім басқармасының Қалалық білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығы жанынан қалалық мектепке дейінгі ресурстық орталық құрылды. Оның басты мақсаты балабақша тәрбиешілерін әдістемелік сүйемелдеу.
Дереккөз: https://rsk.almaty.kz/news/2450