Бұл туралы Алматы қаласы білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева айтып берді.
Алматының 182 мектебінде инклюзивті білім беру жүзеге асырылуда. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қамту жыл сайын артып келеді, деп хабарлады ӨКҚ брифингінде Алматы қаласы білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева.
«Алматы қаласында инклюзивті білім беруді жүзеге асыратын мектептер саны жыл сайын артып келеді. Қазіргі уақытта қалада 182 мектепте ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға жағдай жасалған (85%). 2023-2024 оқу жылының басында қосымша 16 мектепте инклюзивті білім беруді іске асыру жоспарлануда (198 мектеп, бұл мектептердің жалпы санының 92% құрайды)«, - деп хабарлады басқарма басшысы.
Спикердің айтуынша, егер 2020-2021 оқу жылында инклюзивті білім берумен 3 672 бала қамтылса, 2022-2023 оқу жылында 4 632 бала қамтылған.
«Қаланың 185 мектебінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау бойынша кабинеттер жұмыс істейді, олардың 8-і аудандардың тірек мектептері болып табылады (№82, 75, 116, 63, 87, 64, 174, 74), және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істейтін мұғалімдерге әдістемелік көмек көрсетеді«, - деді ол.
Сонымен қатар, білім берудегі жаңа технологиялардың қалалық ғылыми–әдістемелік орталығының базасында инклюзивті ресурстық орталық (ИРО) ашылды. Сондай-ақ инклюзивті білім беруді іске асыратын жалпы білім беретін мектептердің 600 педагогының біліктілігін арттыру курстарын өткізу жоспарлануда.
«Қазіргі уақытта мүмкіндігі шектеулі балаларға арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау көрсететін жеке ұйымдарда мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруға конкурс жарияланды«, - деп атап өтті сөз соңында спикер.
Дереккөз: Almaty.tv.