Алматыда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 22 білім ордасы салынады

20.07.2023

Олардың құрылысы қаланың әртүрлі ауданында жоспарланған.

Алматыда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының іске асырылу барысы қала әкімі Ерболат Досаевтың, орынбасарларының, қала аудандары әкімдерінің, басқармалары басшыларының, «Алматыбасжоспар» ҒЗИ» ЖШС, «Samruk-Kazyna Construction» АҚ және т.б. өкілдердің қатысуымен өткен жиында талқыланды.

Жаңа 22 мектеп 37 100 оқушы орнымен қамтамасыз етеді – олардың құрылысы қаланың әртүрлі ауданында жоспарланған. Әкімдік қаланы білім беру мекемелерімен қамтамасыз етудің 3 тетігін пайдаланады: мемлекеттік тапсырыс, жер телімі иелері салған мектепті дайын болғанда сатып алу және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясындағы құрылыс.

Мемлекеттік бюджет есебінен 23 100 оқушыға арналған 13 мектеп және тағы 8 мектеп (12 мың орындық) салынады, Алматы әкімдігі меншік иелерінен дайын мектепті сатып алады. Алғабас шағынауданында 2000 оқушыға арналған мектеп мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде бой көтереді.  

Жобаны іске асыруға «Samruk-Kazyna Construction» АҚ жауапты. Қазіргі уақытта мемлекеттік қордың балансындағы 10 жер учаскені қала әкімдігі тапсырысты орындаушыға берді. Екі учаске қолданыстағы ескі мектеп ғимараттарын (№97 және №154 лицей) бұзғаннан кейін беріледі. Алматы әкімі бұзу рәсімін 1 тамызға дейін аяқтауды тапсырды. Розыбакиев-Левитан көшелерінің қиылысындағы тағы 1 учаскені сатып алу құны бойынша меншік иесімен келіссөздер жүргізілуде. Сонымен қатар оларды 1 тамызға дейін аяқтау жоспарланған және учаске «Samruk-Kazyna Construction» АҚ балансына беріледі.

Қағидада жер телімінің иесі есебінен білім беру мекемесінің ғимаратын салу және қажет болған жағдайда инженерлік желілерді жүргізу көзделген. Қазіргі таңда барлық инвестормен тиісті меморандумдарға қол қойылды, құрылыс жұмыстарын бастау IV тоқсанда жоспарланған.

Жиын қорытындысы бойынша қала әкімі Ерболат Досаев мектептердің құрылысын сапалы жүргізу және уақытылы пайдалануға беру жөніндегі басқармалардың жұмысын жеделдетуді тапсырды.

 

 

 

Дереккөз: Almaty.tv.