Мамандардың айтуынша, енді жолдар 8-10 жылға шыдауы тиіс.
Алматының шығысы мен батысын жалғаған Әл-Фараби мен Абай жолындағы жөндеу аяқталуға жақын. Жоспар бойынша даңғылдағы жұмыс ауа-райы құбылмаса 20 тамызда, тіпті бір апта ертерек бітуі мүмкін. Бұл туралы қалалық мобилділік басқармасының өкілдері айтып отыр.
Алматыдағы негізгі даңғылдардың жұмысын 31 тамызға дейін аяқтау жоспарланған еді. Бірақ жоспар 20 тамызға дейін орындалуы мүмкін. Бүгінде Әл-Фарабидің көп бөлігіне асфальт төселген. Оңтүстік бетінде жұмыс толық бітіп, солтүстік бетінде Достықтан Қожанов көшесіне дейін жөнделген. Абай даңғылындағы жұмыстар да қарқынды жүріп жатыр.
– Осы аптада Абай даңғылының Розыбақиевтен Тілендиевке дейінгі аралығындағы жұмысты аяқтаймыз. Бұл – соңғы бөлігі. Батыс бағытта асфальт-бетон төсейміз. Жоспар – осы. Келеңсіздіктер болмаса, орташа жөндеу аяқталады. Сосын жүргіншілер жолын ретке келтіреміз, – деді мердігер ұйым өкілі Роман Башланов.
Абай даңғылын жөндеу 2 мердігер ұйымға тапсырылған. Бүгінде онда батыс бағытта Достықтан Розыбақиев көшесіне дейінгі жұмыс аяқталып, көлік қозғалысы ашылған. Жауапты мамандардың айтуынша, жаңадан төселген жол тақтайдай тегіс болу үшін кем дегенде 24 сағат тұруы керек. Қалалық мобилділік басқармасының өкілі маңызы бар қос даңғылдағы жұмыс 13 тамызда аяқталып қалуы мүмкін екенін айтты.
– Аптаның аяғына дейін жол төсеуді бітіріп, көлік қозғалысын қалпына келтіруді жоспарлап отырмыз. Қазірдің өзінде көп бөлігі жөнделіп, қолдануға дайын тұр. Төселген жолдар бұрынғыдан сапалы, әрі төзімді болады, – деді қалалық Мобилділік басқармасының бөлім басшысы Нұрзат Ордабаев.
Бұған дейін даңғылдағы жұмыстарға биыл алғаш рет жаңа технологиялар қолданғаны айтылған еді. Яғни төселген асфальт-бетондардың құрамында полимерлер бар. Мұндай қоспалар төзімді, 65-70 градус ыстыққа төтеп беріп, әлдеқайда ұзақ жататын көрінеді. Мамандардың айтуынша, енді жолдар 8-10 жылға шыдауы тиіс.
Дереккөз: Almaty.tv.