AMANAT белсенділері партияның сайлауалды бағдарламасы үшін мегаполис тұрғындарынан ұсыныс-тілек жинау жұмысын жалғастыруда.
Сонымен, журналист, партия мүшесі Мақсат Толықбай мен Алматы аманаттықтары қаланың төменгі бөлігінде орналасқан «Түрксіб жәрмеңкесі» базарына барып, шағын бизнес өкілдерінің ұсынысын тыңдады. Белгілі болғандай, бұл жерде нарықтағы өнімдердің құны айтарлықтай төмен.
«Бізде бағалар қол жетімді. Біз тауардың үстіне ең көбі 100 теңге қосамыз. Бұл қымбатшылыққа саналмайды, біздің де нан табуымыз қажет қой. Барлығымыз Алтын Ордадан азық-түлік сатып аламыз, міне сол жерде бағаны көтеру бойынша тексеріс жүргізу керек еді. Бензиннің бағасы жоғары және кептеліс, мұның бәрі бағаның өсуіне әкеледі. Сонымен қатар, қазір пәтерлердің құны біз үшін қымбат, егер бастапқы жарнаға қандай да бір жеңілдіктер болғанда, көбісі үйлі болар еді», – дейді «Түрксіб жәрмеңкесі» базарының саудагерлері.
Қала тұрғындары мегаполистің инфрақұрылымын дамытудың, атап айтқанда, метро желісін қала шекарасынан тыс, облыстың жақын орналасқан қалаларына дейін ұзартудың, ауаны жақсартудың және жолдарды жөндеудің проблемалық мәселесін көтерді.
«Көптеген сатушылар облыста тұрады, күн сайын кептеліспен жолға 2-3 сағат кетеді. Егер метро бізге, облысқа дейін ұзартылса, қалаға қатынау әлдеқайда жылдам әрі оңай болар еді», – дейді Алматының ең ірі саналатын «Көк базар» сатушылары.
Алматылықтар үшін жатақхана мәселесі де әрқашан өзекті. Осылайша, партиялықтар қаладағы жатақханалардың біріне барып, студенттердің мәселесін біліп қайтты.
«Жатақханамыз 1937 жылы салынған. Ғимараттың тозығы жеткен, күрделі жөндеу қажет. Сонымен қатар, студенттерге арналған орын өте аз, оқу жылы басталмай тұрып осы мәселені шешуді сұраймыз. Кеңсе тауарлары да қазір қымбат, біздің бір стипендиямызға осындай үлкен қалада тұру қиын, тағы ақылы түрде оқып жатқандарды да ескерген жөн. Егер студенттік билетті немесе «Оңай» карточкасын ұсынған кезде кеңсе тауарларына жеңілдік болса, жақсы болар еді», – деп ұсынды студенттер.
Бүгінгі кездесудің қорытындысы бойынша барлық тілектер мен ұсыныстар алдағы уақытта партиялықтардың жұмысына қабылданады.
Дереккөз: Almaty.tv.