03.02.2023

Алматылық құтқарушылар көктемгі су тасқынына дайындық үстінде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды. Алматы қаласы ТЖД Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының басшысы Алмат Жаныспаев барлық техниканың жарамды екенін, жеке құрамның болуы мүмкін су тасқыны кезінде жедел жұмысқа дайын екенін айтты. 

Құтқарушылар ауа райының тосын мінезін ескеріп, «Қазгидромет» метеорологтарымен және «Казселденқорғау» мамандарымен үнемі байланыста.

Азаматтық қорғау подполковнигі Алмат Жаныспаев биылғы 16 қаңтарда Алматы қаласы әкімінің төрағалығымен табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және су тасқыны кезеңіне дайындық және Алматы қаласындағы гидротехникалық құрылыстардың жағдайы мәселелері бойынша комиссия өткенін айтты. Жиын қорытындысы бойынша қала әкімі бірқатар тапсырмалар берді. 

«Қазгидромет» РМК Алматы қаласы бойынша филиалының гидрометеорологиялық мониторингінің мәліметтері бойынша 2022 жылдың 1 қазанынан бастап жауған жауын-шашын мөлшері 226 мм болатын нормадан  сәл асқан - 260 мм, бұл нормадан 13 пайызға артық, Алматы қаласында топырақтың қатуы 37 см нормада 44 см құрайды (бұл жағдайда орта таулы аймақтарда қату 30 см-ден аспайды, бұл қалыпты шектерде). 31 қаңтардағы қар жамылғысының биіктігі 35 см, яғни қалыпты жағдайда (максималды мәндер 2018-2019 жылдары байқалған – 100 см-ден астам), ылғал қоры 57 мм, норма бойынша 76 мм ( -25%). 

Жүйелі мониторингті ұйымдастыру және су тасқынының салдарын алдын алу және су басу зардаптарын жою шараларын әзірлеу мақсатында мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп комиссиялық зерттеу жүргізіліп, оның барысында су басу қаупі бар 102 аумақ анықталды. «Бүгінгі таңда 62 мекенжайда канал желілерін қайта жаңарту және салу жұмыстары аяқталды, бұл 49 учаскедегі қауіп-қатерді жоюға мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта 7 учаскеде құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде, олар осы жылдың наурыз айының соңына дейін аяқталады», - деді ӨКҚ баяндамашысы.  

Алмат Жаныспаев 2021 жылы «Су тасқынына қарсы 2021-2023 жылдарға арналған іс-шаралар кешені» республикалық жол картасы бекітілгенін, оған сәйкес Алматыда 4 іс-шара қарастырылғанын еске салды. Бүгінгі күні Кіші Алматы, Тіксай, Есентай және Жарбұлақ өзендері арналарының жекелеген учаскелерін қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды.

Айта кетерлігі, Алматы қаласында Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясының бақылауында 39 гидротехникалық құрылыс бар. ТЖД мен «Казселденқорғау» мекемесінің қызметкерлері күн сайын қаланың барлық аудандарындағы су қоймаларына, өзен арналарына бақылау жүргізеді. Ақсай, Үлкен және Кіші Алматы өзендерінің бойында жылжымалы посттар орнатылған.  

Қазіргі таңда аудан әкімдіктері арықтар мен өзен арналарын қар мен мұздан тазарту жұмыстарын қарқынды жүргізіп жатыр. Арық жүйесінің жалпы ұзындығы 1300 шақырымнан асады. Бүгінгі таңда 460 шақырымнан астам жер тазартылды. 

«2023 жылғы су тасқыны кезеңінде Алматы қаласы тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Төтенше жағдайлар министрлігінің аумақтық бөлімшелері мен Алматы қаласының азаматтық қорғау қызметтерінің күштері мен құралдарының жалпы саны 1609 адам бар, әртүрлі мақсаттағы 618 бірлік техника, 85 мотопомпа, сонымен қатар 99 бірлік автономды электр станциялары бар», - деп толықтырды Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің өкілі.

Қалалық азаматтық қорғау қызметтеріне 13 700 қап пен 590 тонна инертті материал сатып алынды. Наурыз айында қалада «Көктем-2023» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтеді, осы оқу-жаттығулар аясында қаланың өзендер мен арна жүйелерін қар мен қоқыстан тазарту бойынша қосымша жұмыстар жүргізілмек. Жалпы, алдағы су тасқыны кезеңіне дайындық басқарманың ерекше бақылауында. 

 Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының басшысы Алмат Жаныспаев азаматтарды «Дәрмен» мобильді қосымшасы арқылы келіп түсетін дауылды ескертулер, ауа райы болжамы, таудағы қар көшкінін алдын алу және т.б. ақпараттарды дер кезінде алуға шақырды.

 

 

 

Дереккөз: https://rsk.almaty.kz/news/1992