Алматының Алатау ауданында 2 мемлекеттік колледж салынады.
Алматының Алатау ауданында 2 мемлекеттік колледж салынады. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев тұрғындармен кездесуде мәлімдеді. Оқу орнының бірі Зерделіде, келесісі индустриялық аймақта бой көтермек. Одан бөлек, Жаңа Алматыда 5 мыңнан астам бала қатыса алатын шығармашылық орталық ашылмақ. Саялы мен Зерделі шағынауданында 550 оқушыға арналған 2 мектеп салынады. Білім ордаларының құрылысын келесі жылы аяқтау жоспарланған. Ал Қарасу мен Шаңырақта жалпы ұзындығы 150 шақырым су құбыры мен кәріз желісін салып жатыр. Жұмыстар тамыз бен қазанда аяқталуы тиіс. Одан бөлек Самғау мен Өжет шағынауданында канализацияны пайдалануға беру үшін 5 сорғы стансасы салынуда. «Бұл жұмыс қараша айында бітеді» деді қала басшысы.
– Зерделі шағынауданында 380 орындық жатақханасы бар 720 орындық кәсіптік-техникалық колледж, ал екінші индустриялық аймақ аумағында сондай 380 орындық жатақханасы бар 720 орындық инновациялық технологиялар колледжін салатын мердігер ұйым анықталды. Екі колледж бойынша құрылыс тамыз айында басталады, – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
Әкімнің айтуынша, Зерделідегі қисайған 30 үйді түзету және нығайту жұмысы толық орындалған. Құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтының қорытындысына сәйкес, баспаналар пайдалануға жарамды. Енді үйлерді «Отбасы банктің» кепілге алу мәселесі реттелмек. Алатау ауданына дейін ұзаратын Саин көшесіндегі жұмыстар да аяқталуға жақын. Әкім жолды жылдың соңына дейін ашу жоспарланғанын айтты. Ал электр қуатының жиі сөну мәселесін шешу үшін 31 трансформатор орнатып, 81 шақырым иесіз тоқ желілерін реконструкциялау жалғасады. Жоспарға сәйкес, желтоқсанда бәрі реттелмек.
– Ауданның жол инфрақұрылымын дамыту бойынша белсенді жұмыс жалғасуда. Алатау ауданының шағынаудандарындағы көшелер ағымдағы жөндеуден өтеді, аудан әкімдігіне 500 млн. теңге бөлінді. Қалалық мобилділік басқармасы биылғы шілде айында ұзындығы 60 км болатын 63 көшені қамти отырып, 12 шағынауданда орташа жөндеу жұмыстарын бастады. Жұмыстарды осы жылдың қараша айында аяқтау жоспарланған, – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
Дереккөз: almaty.tv.