21.02.2023

2022 жылы науқастарға 70 000-нан астам клиникалық диагностикалық зерттеу жүргізілді.

2022 жылы Алматы онкологиялық орталығында (АОО) 19 914 онкологиялық науқас емделді. 5 жыл ішінде ем қабылдағандардың өсу динамикасы 62,6 %-ды құрады (2018 жылы 12 248 науқас емделген).

Өткен жылы АОО хирургиялық бөлімшеcінде 2,5 мыңнан астам хирургиялық ота жасалды. Операциялардың 50%-ға дерлігі шағын инвазивті әдіспен жүзеге асырылды.

Хирургиялық науқастарды жеделдетіп сауықтыру бағдарламасы енгізіліп, белсенді түрде қолданылып келеді, бұл стационарда жату ұзақтығын қысқартып, операциядан кейін науқастың сауығу үдерісін жылдамдатады.

Бүгінгі күні онкологиялық орталықта химиотерапияның 50-ге жуық түрі, 40-тан астам мақсатты және гормондық препарат қолданылады, соның арқасында 2022 жылы 16 427 онкологиялық науқас химиотерапиялық ем алды.

АОО-да онкологиялық науқастарды емдеу кезінде сәулелік терапия белсенді қолданылады. Мәселен, 2022 жылы радиология бөлімшесінде 1084 онкологиялық науқасқа 18 890 сәулелік терапия сеансы жүргізілді.

AOО бүгінгі таңда заманауи диагностикалық жабдықтардың кең спектрін пайдаланады және диагностикалық мүмкіндіктерді үнемі жаңартып, жетілдіріп отырады.

2022 жылы қатерлі ісікке күдікті және онкологиялық науқастарға КТ, МРТ, ультрадыбыстық, эндоскопиялық, цитологиялық, иммуногистохимиялық зерттеу сияқты 70 000-нан астам клиникалық диагностикалық зерттеу жүргізілді.

«AOО-да күзетші лимфа түйінінің биопсиясы немесе Sentinel Lymph Node Biopsy (SLNB) сияқты қатерлі ісіктің таралуын анықтауға мүмкіндік беретін, яғни алғашқы, ең ерте процестерді (метастаздарды) анықтауға мүмкіндік беретін шағын инвазивті хирургиялық араласулар жүзеге асырылады. Бұл аурудың сатысын нақтылау және оңтайлы кешенді терапияны таңдау кезінде өте маңызды. Ең тиімдісі ICG биопсиясы сүт безі қатерлі ісігі кезінде қолданылады және ісік хирургиялық жолмен жойылғанға дейін де, одан кейін де жүргізілуі мүмкін. Қажет болған жағдайда ICG биопсиясы ісіктің басқа түрлеріне де тағайындалады», – дейді маммология бөлімінің меңгерушісі Серік Бәйдібеков.

Маманның айтуынша, «күзетші» лимфа түйіндерінің биопсиясы жоғары сезімталдық пен ерекшелікпен сипатталады. Бірқатар зерттеулерде әдістің сезімталдығы 100%, ал ерекшелігі 97% деп бағаланады.

Сонымен қатар, бұл әдіс ісік жасушалары болған жағдайда ғана кесуге жататын күзетші түйіндерді жою қажеттілігін анықтауға мүмкіндік береді. Олар болмаған жағдайда лимфа түйіндерін сақтау және науқасты қажетсіз стреске ұшыратпау маңызды.

«SLNB биопсиясы сүт безі обырын диагностикалау мен емдеудегі «алтын стандарт» болып табылады. Сапалы және сауатты орындалған процедураның арқасында дәрігер дәл диагноз қойып, барабар емдеуді тағайындайды және рецидив қаупін азайтады, яғни аурудың қайталану қаупін төмендете түседі. Сондай-ақ асқынулардың дамуына әкелетін қажетсіз қосымша араласуды болдырмауға септігін тигізеді», – дейді Бәйдібеков.

 

 

 

Дереккөз: Almaty.tv.