Алматы халықаралық жаңа әуежайындағы терминал құрылысы алдағы жылы аяқталады

01.03.2023

Құрылысы жүріп жатқан жаңа нысан заманауи дизайнмен жаңармақ.

Алматы халықаралық жаңа әуежайындағы терминал құрылысы алдағы жылы аяқталады. Бұл туралы бүгін әуежай басшысы журналистерге арналған баспасөз жиынында мәлімдеді.

Жұмысын 76 жыл бұрын бастаған Алматы халықаралық әуежайының тарихы терең. Өткен жылы әуе тасымалынан ұшып-қонған жолаушылардың саны 7 миллионнан асқан. Қазақстандықтар дәл осы Алматы арқылы әлемнің 58 еліне қатынай алады. 29 халықаралық әуекомпаниясының ұшағы қонады. Әуежай басшылығы бұл мүмкіндікті одан ары арттыруды көздеп отыр.

«Қазір әуежай қызметкерлері тәулігіне 20 мың жолаушыға қызмет көрсетеді. 7 мың халықаралық, 13 мың ішкі рейсі бар. Алдағы уақытта жаңа нысан пайдалануға берілсе, оның саны арта түспек. Жаңа әуежайдың құрылысы алдағы жылдың жазында аяқталады деп жоспарлап отырмыз», – деді «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ президенті Эрсой Альп Эр Тунга.

Құрылысы жүріп жатқан жаңа нысан заманауи дизайнмен жаңармақ. Жалпы аумағы 55 мың шаршы метр болатын ғимаратта 40 тіркеу бағаны мен 3 жүк каруселі қойылады. Бұл жұмыстар үшін 200 млн доллар инвестиция қарастырылған. Халықаралық стандарттарға сай жұмыс істейтін әуежайда VIP терминалдар мен жаңа бағыттағы күту залдары да қарастырылған. Ғимарат жұмысы қазір 45 пайыз аяқталған. 

Сондай-ақ қазір қолданыстағы нысан да күрделі жөндеуден өтетіндігі белгілі болды. Онда жолаушылардың қауіпсіздігін арттыру жұмыстары да назардан тыс қалмаған. Құрылыс кезінде әуежай ұшақ қабылдау мен халықаралық бағаттарға ұшу жұмысын тоқтатпайды. Барлық терминалдар мен қызметкерлер жолаушыларға қызмет көрсете бермек.

«Жолаушылар әуежайдағы тамақтанатын орындар мен дүкендерде сататын түрлі бұйымның бағасы аса қымбат екенін жиі айтады. Біз қазір бұл мәселені қарастырып жатырмыз және жақын арада реттейміз. Алдағы уақытта әуежайда саудаланатын кез келген тауар нарықтағы бағамен бірдей болады», – деді «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ президенті Эрсой Альп Эр Тунга.

Айта кетейік, әуежайдың жаңа ғимарат құрылысы бұрынғы VIP терминалы орналасқан жерде жүргізіліп жатыр. Қала тарихынан сыр шертер көне экспозиция сүрілді. Құны жоғалмайтын көне ғимараттың 3D модельі жасақталған. Оны әуежайға келген жолаушылар тамашалай алады.

 

 

 

Дереккөз: Almaty.tv.