Алматы әуе айлағының маңында заңсыз салынған 23 тұрғын үй әлі тұр. Бұл жайында ҚР Бас прокуроры Берік Асыловтың Мәжіліс депутаттарының сауалына жолдаған жауабында айтылған.
«2021 жылдың қазан айында Аазаматтық авиация комитетінің мамандары аталған əуежайдың ұшу жолағына зерттеу жүргізді. Онда əуеайлақтарды пайдаланудың жарамдылығы нормадан ауытқығаны анықталды», - деп жазады Берік Асылов.
Бірақ тексеру кезінде анықталған кемшіліктер жойылмағанына қарамастан комитет өкілдері әуе айлағына жарамдылық сертификатын берген.
«Тексеріс қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтар жойылған жағдайда қолданылу мерзімі шектеулі (20.04.2023 жылға дейін) əуеайлақтың жарамдылық сертификатын беру туралы шешім қабылданды. Қазіргі уақытта аталған бұзушылықтар əуеайлақ аумағына жақын 23 тұрғын үй құрылысының орналасуына байланысты жойылмаған», - делінген Бас прокурордың жауабында.
Еске салсақ, былтыр сәуір айында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі Bek Air әуе компаниясының Fokker-100 әуе кемесіне қатысты орын алған авиациялық оқиғаны тексеру жұмыстары аяқталғанын мәлім еткен еді.
Ал 2021 жылдың мамырында Алматыдағы әуе айлағының маңайында жерді заңсыз сатқандар сотталған болатын.
Дереккөз: inform.kz