30.03.2023

Кездесуге 200-ден астам адам келді.

Алматы әкімі Ерболат Досаевтың халықпен кезекті кездесуі Түрксіб ауданында өтті. Қала басшысы ауданның дамуы және тұрғындардан түскен ұсыныстар бойынша атқарылған жұмыстар туралы айтып берді. Кездесуге 200-ден астам адам келді.

Ауданда коммуналдық инфрақұрылым, атап айтқанда инженерлік желілерді жаңғырту өзекті мәселе болып қала береді. Өткен жылы 100 шақырымнан астам сумен жабдықтау және су бұру желілері салынып, қалпына келтірілді. Қалған 47 км желі бойынша жұмыстар 2023 жылы аяқталады, Бұл 6 мыңнан астам абонентті сапалы сумен және кәрізбен қамтамасыз етеді.

Бұдан басқа,биыл Жас қанат шағын ауданында 3 кәріз-сорғы станциясын орнату аяқталып, 64 км құрылыс жұмыстары басталады және 1,5 мың үйге су құбыры мен кәріз желілері тартылатын (Авиатор, Әлмерек, Маяк шағынаудандары) болады.

Ауданның электр желілері де ретке келтірілуде. Өткен жылы 24 шақырым жаңа электр желілері салынып, 13 трансформаторлық қосалқы станция қайта жаңартылды. Жыл соңына дейін Әлмерек, Нұршашқан және Шуақты шағынаудандарында электр желілерін жаңғырту аяқталады, Тұздыбастау қосалқы станциясы пайдалануға беріледі.

Алматы әкімі қауіпсіздік мәселелеріне, оның ішінде ауданның көше жарығына ерекше назар аударды. Ұзындығы 7,5 км магистральдық көшелер бойынша сыртқы жарықтандыру желілерін жаңғырту наурыз айында аяқталды. Ауданның жартылай жарықтандырылмаған 100 көшесінің 61-і жарыққа қосылды, қалған жұмыстар сәуір айында аяқталады. Бұдан басқа, тағы 80 учаске бойынша сыртқы жарықтандыру желілерін салуға ЖСҚ әзірленетін болады.

2023 жылдың І тоқсанының соңына дейін 700-ге жуық жаңа бейнекамера және қосымша 96 «Сергек» аппараттық кешені орнатылатын мекенжайлар тізімі дайындалады.

Ауданның әлеуметтік инфрақұрылым мәселелері де қаланың дамуында ерекше орын алады. Оқушы орындарының тапшылығын азайту үшін өткен жылы 1500 орындық №211 мемлекеттік мектеп-гимназия салынды. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру аясында 6400 оқушыға арналған 4 мектеп салу қарастырылған.

№70 арнайы бөбекжай ғимаратын сейсмикалық күшейту жұмыстары аяқталуда, ағымдағы жылдың соңына дейін Қайрат шағынауданында 260 орындық мемлекеттік балабақшаның құрылысы аяқталады.

Сапалы медициналық қызмет көрсетудің қадамдық қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін күзде Нұршашқан шағын ауданында 100 келушіге арналған дәрігерлік амбулаторияның құрылысын аяқтау жоспарлануда.

Екінші тоқсанда Айбасов көшесі бойында 200 келушіге арналған дәрігерлік амбулаторияның құрылысы басталады. Қайрат шағынауданында 340 келушіге арналған емхана құрылысы бойынша ЖСҚ әзірлеуді аяқтау ағымдағы жылдың маусым айына жоспарланған.

Аудан тұрғындары үшін әлеуметтік және спорттық бағыттағы нысандар пайда болады. Жылдың екінші жартысында Жас қанат шағынауданында заманауи денешынықтыру-сауықтыру кешені, сондай-ақ әлеуметтік нысандар орталығы ашылады.

Қала әкімдігінің ерекше бақылауында жолдардың сапасы және аудан тұрғындары үшін қолайлы қалалық орта құру мәселесі тұр. Өткен жылы 13 км жолға орташа жөндеу жүргізілді, ал ағымдағы жылы16 мың шаршы метр жол жөнделді, 9 км тротуар салынды. 2023 жылы магистральдық көшелерде 24 км жолды орташа жөндеу және 20 мың шаршы метрден астам жолды ағымдағы жөндеу жоспарланған.

Үнемі су басуға бейім 10 учаскенің 8-і жойылды. Қалған 2 учаскедегі жұмыстар сәуір айының соңына дейін аяқталады, ал жыл соңына дейін ұзындығы 41 км 57 учаскеде арық желілері мен нөсер кәріздерін салу және реконструкциялау жұмыстары аяқталады.

Жарбұлақ өзенінің арнасын кеңейту және тереңдету бойынша  жұмыстар жүргізілді, ұзындығы 6,7 км іргелес аумақтар абаттандырылды, «Аспан» үлкен саябағы, «Маяк» тоғайы абаттандырылды.

«Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы бойынша ағымдағы жылы 91 жобаны іске асыру жоспарлануда. Алматы әкімінің тапсырмасы бойынша ХҚБ жобасын іске асыруға биыл қаланың барлық аудандарына қосымша 7 млрд теңге бөлінді, оның ішінде Түрксіб ауданына 875 млн теңге.

 

 

 

Дереккөз: Almaty.tv.