Бұл туралы Ілияс Қазиев мәлімдеді.
«Алматы Су» кәсіпорнында «ақылды су құбырын» құру бойынша ауқымды жұмыс басталды.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингі барысында «Алматы Cу» МКК бас директоры Ілияс Қазиев хабарлады. Атап өтетіні, кәсіпорын тек Алматы қаласын ғана емес, мегаполиске іргелес елді мекендерді де сумен және кәріз жүйесімен қамтамасыз етеді.
Ілияс Қазиевтің айтуынша, өткен жылы сумен жабдықтау және кәріз жүйесін жаңғырту және дамыту шаралары жалғасты. Жұмыс бірнеше бағытта жүргізілді, ең алдымен, бұл нысандарды, желілерді және жабдықтарды қыс мауысымында пайдалануға дайындау, сондай-ақ желілердегі апатты жағдайларды азайтуға және су ысырабын азайтуға бағытталған шаралар болды.
«Жазғы жөндеу науқанында кәсіпорынның жеке қаражаты есебінен жалпы көлемі 103 550 м3 39 таза су резервуары жуылып, тазаланды, 1,5 мың құдық, 1,9 мың вентиль, 1050 өрт сөндіру гидранттары ауыстырылып, жөнделді, 300 км су құбыры және 450 шақырым кәріз желілері тазартылды, 25 шақырымға жуық ең апатты желілер ауыстырылды», - деп атап өтті І.Қазиев.
2022 жылға арналған инвестициялық бағдарлама сумен жабдықтау бойынша 2,8 млрд теңгені, су тарту бойынша 947 млн теңгені құрады.
Бизнес-процестерді ішкі оңтайландыру жүргізілді, өндірістік және технологиялық сызбаларды жаңғырту бағдарламасы жүзеге асырылуда, тұрғындарға ыңғайлы болу үшін жаңа қызметтер енгізілді, «ақылды су құбыры» - Цифрлы су құбырын құру бойынша ауқымды жұмыстар басталды.
«Алматы Cу» кәсіпорнының бас директоры атап өткендей, қаладағы негізгі мәселе – тозығы жеткен су құбыры желілері, бұл белгілі бір тұтынушыға су жеткізуді қиындатады. Жедел қызметтер күн сайын (жоспарлы жұмыстардың орнына) қазу жұмыстарын жүргізуге, сумен жабдықтау желілеріндегі апаттар мен ақауларды жоюға, содан кейін асфальттау мен абаттандыру жұмыстарын жүргізуге мәжбүр. Кәріз желілеріндегі жағдай да күрделі.
Бүгінгі таңда Алматы қаласы бойынша су құбыры желілерінің тозуы пайыздық көрсеткішпен - 54,2%, яғни, 1943 км су құбыры желілерін ауыстыру қажет. Кәріз желілерінің 56,6%-ы тозған, яғни 1000 шақырымнан астамы реконструкциялау қажет. Атап айтқанда, Талғар су құбырларының барлық желілерін, қала ішіндегі магистральдық су құбырларын (Рысқұлов, Мыңбаев және т.б.) кезең-кезеңімен ауыстыру қажет, Загородный және Бурундай ірі кәріз коллекторларының тозығы жеткен.
Тозу қарқынын төмендету үшін жыл сайын кемінде 104 шақырым су құбыры желілерін және 73 км су бұру желілерін реконструкциялау қажет, ал қолданыстағы инвестициялық бағдарлама жылына небәрі 20-25 шақырым құбырды қайта жаңартуға мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда инженерлік желілердің тозу көрсеткішін бір қалыпта ұстап тұру тек жаңа желілерді салу есебінен ғана сақталып отыр. Кәсіпорынның жөндеу қоры толығымен су және кәріз тарифтерінің деңгейіне байланысты, біздің қаладағы олардың бағасы республикадағы ең төменгі көрсеткіштердің бірі болып қала береді.
Бұған дейін бекітілген «Алматы қаласын 2025 жылға дейін дамыту бағдарламасы және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективалар» аясында желілер мен жабдықтардың тозу дәрежесін төмендетуді жеделдету мақсатында биыл сумен жабдықтау және су бұру саласындағы жаңа тарифтік саясатын құру жоспарланып отыр.
«Инвестициялардың орнына тарифтер» қағидаты бойынша тарифтерді енгізу инженерлік желілерді ұстауға және ауыстыруға көбірек қаражат жинақтауға және көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Көрсетілген қызметтер үшін ақы алудың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында есепке алу жүйесін автоматтандыру, «Алматы – Март Сити» тұжырымдамасы аясында негізгі коммуналдық кәсіпорындардың барлық есепке алу құрылғыларына датчиктер орнату қарастырылады», - деді І.Қазиев.
Сондай-ақ профилактикалық жөндеу, қашықтықтан диагностикалау және энергия тиімділігін арттыру үшін заттар интернеті әдістемесі енгізіледі.
Тұрғындарды су ресурстарын үнемді пайдалануға ынталандыру үшін ағымдағы жылы су есептегіштерін орнатпаған тұтынушылар үшін жаңартылған су тұтыну нормаларын енгізу жоспарлануда.
Орталықтандырылған су құбырына қолы жетпейтін тұрғындарды сенімді сумен қамтамасыз ету мақсатында алдағы жылдары Қарғалы, Ақсай, Ерменсай және Барлық өзендерінің су тарту құрылыстары іске қосылып, қосылған он елді мекенде 280 шақырым су құбыры желісі салынады. Бұл 232 мың тұрғынды сумен қамтуға және қаланы орталықтандырылған сумен қамтуға 100 пайыз қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Дереккөз: Almaty.tv.