27.09.2024

5000-нан астам Алматы тұрғындары мемлекеттік және шетел тілдерін тегін үйренуге бағытталған «Тілдер паркі» әлеуметтік жобасына қатысып жатыр.

Жоба Алматы қаласының Жастар саясаты басқармасының қолдауымен жүзеге асырылып, қаланың барлық ауданын қамтиды. Оның басты ерекшелігі – курстардың ашық аспан астында өткізілуі. Жоба аясында сондай-ақ, сөйлесу клубтары мен тілдік алмасу ұйымдастырылып, қатысушылардың алған білімін тәжірибеде қолдануына және сөйлеу дағдысын жақсартуға ықпал етеді.

Мұнда қазақ, ағылшын, қытай, корей, жапон, француз, түрік және орыс тілдері бойынша курстар ұсынылады. Сабақ жазғы маусымда аптасына 3 рет өткізіліп, 6-дан 60 жасқа дейінгі барлық жастағы қатысушыға арналған. Курсты аяқтаған соң сертификат беріледі.

Қыркүйек айының ортасынан бастап күзгі-қысқы кезеңге өтуге байланысты тілдерді оқыту комьюнити орталықтардың ғимараттарында жалғасуда. Кестені ауданыңыздағы комьюнити-орталықтан немесе Call-орталықтың +7 747 821 6478 нөмірі арқылы білуге болады.