Алматыдағы қылмыстық жағдай бүгінде тұрақты. Қылмыстар саны екі есе азайды. Бұл факторға карантин ғана емес, сонымен қатар қаладағы жағдайды жақсартуға мүмкіндік беретін алдын-алу шаралары да ықпал етті.
«Олардың ішінде полицияның модульдік бекеттерін орнату. Бүгінгі таңда полицияның 41 стационарлық бекеті бар, олардың 4-і туристік полицияға арналған, қалған 37-сі қылмыс көп болатын және құқық бұзушылықтар орын алатын жерлерде орналасқан. Осы бекеттерде тәулік бойы екі ауысымдық режимде сағат 08.00-ден 20.00-ге дейін бір учаскелік полиция инспекторы, кешкі 20.00-ден бастап таңғы 08.00-ге дейін полиция полкінің 2 қызметкері түседі. Бір тәулікте барлығы 111 полиция қызметкері модульдік бекеттерде қызмет етеді», - деді Алматы қалалық Полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденов.
Спикер ағымдағы жылдың 7 айында 4 мың 682 азамат стационарлық полиция бекеттеріне жүгінгенін, оның 3-іне сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын атап өтті. Сонымен қатар 874 әкімшілік іс қозғалып, 2 мың 617 өтініш бойынша жауап шаралары қабылданды, тағы 2 мың 065 азаматқа құқықтық көмек және кеңес берілді.
Ақпарат көзі: Алматы қаласының Полиция департаменті