Түрксіб ауданында халық санының тұрақты өсуі мен тұрғын үйлердің құрылысына байланысты әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне қажеттілік артып келеді. Сондықтан мектептегі орын тапшылығын азайту үшін №59 мектеп-гимназия ғимаратын қайта жаңарту, ал қолданыстағы ғимаратты сейсмикалық күшейту әрі 300 орынға кеңейту жұмысы жүргізілуде. «Қайрат» ықшамауданында биылғы жылдың 1 қыркүйегінен 1500 орынды жаңа мектеп-гимназия іске қосылды. Бұл туралы аудан әкімі Бақытжан Ақжаров РСК брифингінде мәлімдеді.
«2023 жылдың желтоқсанында 450 орынды № 95 мектепке қосымша құрылыс басталды. Бұдан өзге 600 орынды №198 мектепке қосымша құрылыс, №83 гимназия филиалын қайта жаңарту және №50 мектеп ғимаратын сейсмикалық күшейту жобалануда», - деп атап өтті Б.Ақжаров.
Сонымен қатар, оқушыларды кәсіптік біліммен қамтуды кеңейту үшін 2024 жылдың бірінші тоқсанында Алматы телекоммуникация және машина жасау колледжінің құрылысына қолданыстағы ғимараттарды бұза отырып жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу аяқталады.
Ал мектеп жасына дейінгі балалар үшін «Қайрат» ықшамауданында 260 орынды мемлекеттік балабақшаның құрылысы аяқталып қалды. Сонымен қатар, «Әлмерек» ықшамауданында 320 орынды балабақша салу жоспарлануда. Жер учаскесі алынғаннан кейін ЖСҚ әзірлеуге конкурс жарияланады.
Сонымен қатар, жыл соңына дейін «Нұршашқан» ықшамауданында 100 адам қабылдайтын жаңа амбулатория орналасады. Ал 2024 жылдың бірінші тоқсанында Айбасов көшесінде 200 адам қабылдайтын амбулаторияның құрылысы аяқталады.
«2024 жылдың бірінші тоқсанында «Қайрат» ықшамауданында 340 келушіге арналған емхананың құрылысына ЖСҚ әзірлеуді аяқтау және РВ-90 ықшамауданында 200 келушіге арналған отбасылық-дәрігерлік амбулаторияның мемлекеттік сараптамасын шығару жоспарлануда», - деді Түрксіб ауданының әкімі.
«Әлмерек» ықшамауданының тұрғындарын медициналық қызметпен қамту үшін 200 адам қабылдайтын отбасылық-дәрігерлік амбулатория салу жоспарлануда. ЖСҚ әзірлеуге конкурс жер учаскесі алынғаннан кейін жарияланады.
Сонымен қатар, әлеуметтік және спорттық бағыттағы объектілерге қадамдық қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін 2024 жылдың бірінші тоқсанында «Жас Қанат» ықшамауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешенін ашу жоспарлануда. Майлин көшесі бойында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысына ЖСҚ әзірленуде, аяқталу мерзімі 2024 жылдың ақпан айы.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі