1 тамыздан бастап Алматыда Қала құрылысы кеңесі жұмысын бастайды

28.07.2022

Алматы қаласының сәулет-құрылыс саласындағы олқылықтарын әкімдік жанынан құрылған кеңес арқылы реттеу көзделіп отыр.

 Бұл туралы Қазақстан сәулетшілер одағының президенті Серік Сұлтанғали орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде айтты.

Тәуелсіздіктің 30 жылында елде архитекторлардың мәртебесі сын көтермейтіндей деңгейге түсіп кеткенін мәселе етіп көтерген одақ басшысы салада қордаланған мәселелердің бәрін тізіп, Президентке жүгінгендерін еске салды.

«Президент Қасым-Жомарт Кемелұлына жазған хатымда мен сәулет саласындағы мәселелерді көтере отырып, Алматы қаласын мысалға келтірдім. Оңтүстік астанамыз – көп адам үшін сүйікті қала. Қазір «нүктелі құрылыс», «нығыздаушы құрылыс» деп атап жүрген жобалар Алматының ең басты проблемасы – сейсмиканы ескермей іске асырылып келді. Көпқабатты үйлердің, шектен тыс биік үйлердің көптеп салынуы архитекторларды ғана емес, осы бассыздықтардың арасында тіршілік кешіп жатқан қаланың қарапайым тұрғындарын да алаңдатып отыр», - деді Серік Сұлтанғали.

Сондай-ақ, ол құрылыстың сауатты жоспарланбауы салдарынан Алматының инфрақұрылымына да зиян келгенін атап өтті.

«Нығыздаушы құрылыс» желеуімен скверлер, тұрақтар сүріліп кетті. Әрине, дәл қазір ол іс тәртіпке келіңкірей бастады. Неге бұлай болып келді? Өйткені, ең басты құрал – әкімдік жанынан жұмыс істейтін қала құрылысының кеңесі болған жоқ. Алматының әкімі сондай кеңесті құрды. 1 тамыздан бастап сол кеңес жұмыс істей бастайды», - деді одақ төрағасы.

Бұған дейін Нұр-Сұлтан қаласының сәулеттік құрылысын жоспарлау ережесі бекітілген болатын.

 

 

 

Дереккөз: inform.kz