«Бюджетке қатысу»: Алматыда аумақтарды абаттандыру үшін 49 жоба жүзеге асырылды

14.06.2021

Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ілияс Өсеров журналистерге қала тұрғындарының қатысуымен жүзеге асырылатын «Бюджетке қатысу» жобасы туралы айтты.

Бұл жоба бойынша кез-келген қала тұрғыны қалалық ортаны дамыту жөнінде өз идеясын ұсына алады. Дауыс беру барысында басқа да тұрғындар қолдаса, ол қалалық бюджет есебінен жүзеге асырылады. Бұл әдіс азаматтар мен жергілікті билік органдары арасындағы аумақтарды барынша тиімді басқару жөніндегі диалогты қалыптастырады.

Ілияс Өсеров пилоттық жобаның 2019 жылдың тамыз айында енгізілгенін, ол кезде 2020 жылы іске асырылуы тиіс өтініштердің қаралғанын айтты.

Осы мақсаттар үшін budget.open-almaty.kz арнайы порталы іске қосылды, сондай-ақ өтінім беруден бастап дауыс беру қорытындыларын шығаруға дейінгі процестің барлық кезеңі сынақтан өтті.

«2019 жылы жобалық ұсыныстарды қабылдау кезеңінде барлығы жалпы сомасы 14,5 млрд теңге болатын 333 жоба қабылданды, оның ішінде сараптау комиссияларының іріктеу нәтижелері бойынша 228 жоба дауыс беруге жіберілді. Әр ауданға 500 млн теңгеден жоспарланды, бір жобаның құны 100 млн теңгені құрады», - деді әкімнің орынбасары.

Ашық дауыс беру арқылы қала тұрғындарының өздері ең үздік жобаны таңдады, ақшаны неге жұмсау керектігін анықтады. Барлығы 55 жоба іске асыруға жіберілді. Қазірдің өзінде жалпы құны 1,2 млрд теңге болатын 49 жоба орындалды.

2021 жылы «Бюджетке қатысудың» жалпы сомасы 7,4 млрд теңгеге дейін өсті – әр ауданға 800 млн теңгеден, бір жобаның құны 55,5 млн теңгені құрады.

«Қалаға қосылған аумақтарды дамыту мақсатында, «Бюджетке қатысу» бағдарламасы аясында Наурызбай мен Алатау аудандарына қосымша 500 млн теңгеден бөлу қарастырылды. Осылайша, аталған екі ауданның әрқайсына бөлінген қаражаттың жалпы сомасы 1,3 млрд теңгені құрады», - деді І. Өсеров.

Жоба аясында 23,7 млрд теңгеге 796 жобалық ұсыныс түсті. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 463 жобаға артық.

Іріктеу қорытындысы бойынша дауыс беруге 448 жобалық ұсыныс жіберілді. Тұрғындардың дауыс беру қорытындысы бойынша 7,3 млрд теңгенің 273 жобасы іске асыруға жіберілді.

Биылғы жылы халықтың бюджетке қатысуы аясында Алматы аудандарын көгалдандыру бойынша жалпы сомасы 282,8 млн теңге болатын 7 жоба іске асырылуда. Сондай-ақ, 1 122,4 млн теңгеге тротуарларды, пандустарды, арықтарды жөндеу бойынша 38 жоба іске асырылды. Тізімде қоғамдық орындарды, саябақтарды, скверлерді, жаяу жүргіншілер аймақтарын құру, жөндеу мен жарықтандыру бойынша жалпы сомасы 2 552,4 млн теңге болатын 75 жоба бар.

Бұдан өзге, қоқыс орындарын жою бойынша 15 жоба, әңгімелесетін жерлерді, орындықтарды, урналарды, балалар алаңдары мен демалыс орындарын жасау мен жөндеу бойынша 20 жоба іске асырылуда.

Аула аумақтарында спорттық, жаттығу алаңдарын, футбол, баскетбол, волейбол алаңдарын, балалар ойын алаңдарын орнату, жөндеу бойынша 118 жоба іске асырылуда.

Айта кетерлігі, «Бюджетке қатысу» жобасы бойынша өтінімдер жыл бойына қабылданады.

 

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі