«Болашақ» бағдарламасымен тағылымдамадан өтуге құжат қашан қабылданады

22.08.2022

Биыл тағылымдама бағдарламасына 110 стипендия бөлінді.

5 қыркүйекте Қазақстанда «Болашақ» бағдарламасы бойынша жетекші ЖОО-лар мен ұйымдарда шетелдік тағылымдамадан өтуге құжат қабылдау басталады.

Өтінімдер 14 қазанға дейін Egov.kz мемлекеттік қызметтер порталында қабылданады. Биыл тағылымдама бағдарламасына 110 стипендия бөлінді.

2022 жылы тағылымдамадан өтуге қызметкерлердің мына санаттары бекітілген: инженерлік-техникалық қызметкерлер, медициналық қызметкерлер, мәдениет, туризм және спорт саласының қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері, агроөнеркәсіптік кешен қызметкерлері, мемлекеттік қызметкерлер, орта, техникалық және кәсіптік білім беретін ұйым педагогтері.

«Болашақ» бағдарламасы бойынша тағылымдамадан өтуге арналған басым мамандықтардың тізімі 158 мамандықты көздейді.

Айта кетейік, тағылымдамадан өтетін стипендиаттар кепілге мүлік ұсынбайды.

Міндеттемелерді орындау үшін екі гарант ұсыну ғана жеткілікті. Соңғы 12 айда тұрақты табысы бар 50 жасқа дейінгі ҚР азаматтары гарант бола алады.

Тағылымдамадан өтуге үміткерлердің кемінде 3 жыл жұмыс өтілі болуы тиіс, соның ішінде соңғы 12 ай бойы таңдаған мамандық бойынша жұмыс істеуі тиіс.

Сонымен қатар тағылымдамаға қабылдайтын шетелдік ұйымнан шақыру, деңгейі кемінде В1 ҚАЗТЕСТ сертификатының болуы міндетті.

«Ғалымдар» санаты бойынша тағылымдамадан өту үшін өтінімдерді қабылдау мен конкурстық іріктеу бөлек жүргізіледі, өту мерзімдері туралы қосымша хабарланады.

 

 

 

Дереккөз: Almaty.tv.