«Алматы Жастары» қалалық жеңілдікпен несиелендіру бағдарламасы аясында өтінімдерді қосымша іріктеудің аяқталғандығы туралы хабарландыру

18.10.2022

Алматы қаласы әкімдігі 2022 жылғы 10-14 қазан аралығында www.almaty-zhastary.kz сайты арқылы «Алматы жастары» қалалық жеңілдікпен несиелендіру бағдарламасына қатысу үшін өтінімдерді қосымша іріктеуді жүзеге асырды.

Бағдарламаға ағымдағы жылдың негізгі конкурстық іріктеу кезеңінде (2022 жылғы 18 мамырдан 1 маусымға дейін) өтінім берген, бірақ құжаттардың дұрыс толтырылмауына/рәсімделмеуіне/берілмеуіне байланысты өтпеген өтініш берушілер ғана қатысты.

Өтініштер мен құжаттарды қабылдау қорытындысы бойынша, өз өтінімдерін редакциялауға жіберілгендердің ішінен тек 2135 қатысушы құжаттарын жаңартты (редакциялады).

Барлық келіп түскен өтініштер мен құжаттардың Бағдарлама талаптарына сәйкестігі 15 күнтізбелік күн ішінде тексеріледі, содан кейін әрбір сала бойынша ең көп жинаған баллдар саны бойынша тізім қалыптастырылады. Қорытындылар www.almaty-zhastary.kz сайтында жарияланады.

Еске салсақ, осы Бағдарлама аясында кемінде 1000 несие беру жоспарланған. Бүгінде Бағдарлама бойынша 813 қатысушы баспаналы болды, тағы 49 қатысушы баспана іздеуде.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі