Алматы қаласының Ахуалдық орталығы қаланы дамытудағы негізгі көрсеткіштерді бақылаудың автоматтандырылған ақпараттық-сараптамалық жүйесі. Онда қаланың әлеуметтік-экономикалық үдерістерін мониторингілеу, талдау және жоспарлау үшін қалалық, республикалық ақпараттық жүйелер мен дерекқорлардағы мәліметтер ықпалдастырылған.  Жүйе мәліметтерді қолмен жинаудан арылтып, адами факторды азайтады. Осының арқасында сенімді және өзекті мәліметтер негізінде тиімді жедел және стратегиялық басқару шешімдері қабылданатын болады.

Ахуалдық орталық қызметкерлері тікелей режимде Алматы қаласындағы ағымдағы жағдайды бақылап, қадағалайды, жағдайдың даму үлгісін жасайды және жинақталған мәліметтерді ыңғайлы түрде бейнелеп (видео, аудио, географиялық карталар, диаграммалар, кестелер және т.б) қала басшылығына есеп береді. Ахуалдық орталықта келесі салалар бойынша қаланың 1000-нан астам даму индикаторына талдау жүргізіледі. 

- экономика;

- әлеуметтік даму;

- экология және көріктендіру; 

- инфрақұрылым;

- қауіпсіздік;

- инвестициялық жобалар.

Сондай-ақ жүйеде қаладағы автотрафик, қоғамдық көліктегі жүргіншілер ағынының күнделікті көлемі, мектептер мен балабақшалардың жүктемесі жайлы мәліметтер жинақталған. Қылмыстық және төтенше жағдайларға талдау жасалып, бюджеттің атқарылуы мониторингіленеді.

Big Data талдауы негізінде қалалық түрлі көрсеткіштердің көп жылдық болжамды үлгісі жасалады: Алматы экономикасының тиімділігі, халық саны мен құрамы, әлеуметтік-экономикалық дамуға жанама факторлардың әсері. Қаланы басқарудың үлгілері әзірленіп, нақты басқару шешімдерінде қолданылады. Болашақта Ахуалдық орталық Алматы қаласын басқарудың ақыл-ой орталығына айналады.

Жоба аясында кәсіпкерлер мен зерттеушілерге қызықты болатын ашық мәліметтер порталын құру жоспарлануда. Мәселен алматылық бизнесмендер жүргіншілер ағыны, жасы, адамдардың сұранысы және өзге де әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер негізінде қоғамдық тамақтану орнын ашу нүктесін таңдай алады. Құрылыс компанияларына қала тұрғындары жайлы мәліметтерді болашақ тұрғын үйлердің тұжырымдамасын анықтау үшін пайдалануға болады, курьерлік және қоқыс тасушы компаниялар автотрафик талдауы негізінде жолға кететін уақытты қысқартып, жанармай  шығындарын оңтайландыра алады.

Пайдалы сілтемелер