2017 жылы желтоқсанда «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. 2018-2022 жылдарға арналған бағдарламаның негізгі мақсаты цифрлық технологияларды қолдану арқылы еліміздің әрбір азаматының өмір сүру сапасын жақсарту. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының негізгі көрсеткіштерінің бірі Smart Сity-ді дамыту.

Бұл ретте, Алматыда Smart Сity тұжырымдамасын жасау және жүзеге асыру 2016 жылы «Алматы – 2020» даму бағдарламасы қабылданғанда айқындалып қойған. Жобаның мақсаты - ақпараттық-коммуникациялық технологияларды енгізу арқылы өмір сүру сапасы мен қауіпсіздікті арттыру, инфрақұрылым мен инвестициялық тартымдылықты дамыту, көлік және экологиялық мәселелерді шешу, энергия және суды пайдалану тиімділігі, коммуналдық қызметтердің тиімділігі мен қызметтердің сапасын жақсарту болып табылады.

Әлемде «ақылды қала» жобаларын жүзеге асыруға арналған ортақ стандарттар мен әмбебап шешімдер жоқ, сондықтан Smart Almaty жобасының командасы қаламыздың сәтті дамуына арналған арнайы формула жасап шығарды. Алматы қаласының маңызды мәселелерін жүйелі шешу үшін бірнеше негізгі бағыт белгіленді: денсаулық сақтау, білім беру, қала құрылысы, тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық, көлік, қауіпсіздік, ашық әкімдік.

Денсаулық сақтау саласында енгізілген жобалардың бірі – медициналық ақпараттық жүйе. Бұл денсаулық паспортын қағаз қолданбай, электронды түрде жүргізуге мүмкіндік береді. Кез келген дәрігер науқастардың ауру тарихын алдын ала біліп отырады. Ал білім беру саласында мектепке дейінгі жастағы балаларды балабақшаға кезекке қою бойынша balabaqsha.open-almaty.kz электронды жүйесі қарқынды қолданылып келеді. Сондай-ақ бүгінде баланы мектепке немесе колледжге mektepalmaty.kz порталы арқылы қашықтан орналастыруға болады.  Тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық саласында ПИК қызметін және олардың тұрғындармен байланысын автоматтандыру жүзеге асырылу үстінде. «Тұрғындарға арналған қолежетімді сервис» (Электронды ПИК) жобасы енгізілді. Бұдан бөлек өнеркәсіпті цифрландыру бойынша кешенді жұмыс атқарылып жатыр. 

Көлік саласында зияткерлік көлік жүйесі тиімді жұмыс жасауда. Атап айтқанда 2012 жылдан бастап жол жүрісі ережелерін бұзуды фото және бейне тіркеудің  «Жол қозғалысының қауіпсіздігі» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі жұмыс жасап келеді. 2015 жылдан бастап «Оңай» бірыңғай көлік картасы қолданыста. Қаладағы қоғамдық көліктер 100% GPS-жүйемен және камералармен қамтылып, диспетчерлік басқарудың автоматтандырылған жүйесі енгізілді.

Пайдалы сілтемелер