Әр күн сайын Алматы «ақылды» қала құруға жақындай түсуде

Smart City Almaty – «Оңай» жүйесінен байланыс орталығындағы роботқа дейін

ЖВ 1

Осыдан бірнеше жыл бұрын оңтүстік астанада Smart City Almaty бағдарламасы іске қосылды. Инновациялық технологияларға негізделген жаңа жоба алматылықтардың тұрмыс-тіршілігін ыңғайлы әр оңай етіп, жалпы өмір сүру деңгейін арттыруы тиіс. Сонымен, осы уақытқа дейін не іске асты, қала тұрғындарына тағы қандай технологиялық жаңалықтар көмекке келеді? Kapital.kz іскерлік ақпарат орталығының тілшісі «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ басқарма төрайымы Жанна Төлегеновамен кездесіп, осы сұрақтарға жауап іздеп көрді.

- Жанна Викторовна, Smart City Almaty бағдарламасы қашан іске қосылды?

- Белсенді әзірлік 2016 жылы басталды. Серіктес ретінде ҚБТУ Инжиниринг және ақпараттық технологиялар институты (Қазақстан-Британ техникалық университеті) IDC халықаралық консалтингтік компаниясымен бірге тартылды. IDC ұсынған тұжырымдамалар негізінде Эр-Рияд, Нью-Йорк сияқты әлемдегі бірнеше ірі қала дамуда. Бірлескен күш-жігермен қалада, квазимемлекеттік компанияларда, қаламен тікелей жұмыс істейтін ұйымдарда пайдаланылатын барлық ақпараттық жүйелер түгенделді. Осылайша қолданыстағы ақпараттық жүйелердің сапасын, жағдайы мен тиімділігін байқадық. Бұл үлкен жұмыс болды.

- Осы жоба туралы айтып берсеңіз. Ол нені көздейді, қала тұрғындарының нақты қандай өмір сүру салаларын қамтиды?

- Біздің басты міндетіміз - Алматы әрбір тұрғын мен қала қонағы үшін жайлы болуы тиіс. Ол үшін біздегі жағдайға бейімделген үздік әлемдік тәжірибелер қолданылады. Бұл жай ғана сөз емес, бұл біздің жұмысымыздың негізгі қағидаты. Қазір Алматы қаласын дамыту орталығында қаланы цифрландыру бойынша барлық жобалар техникалық сараптамадан өтеді. Оны бірнеше критерий бойынша жүргіземіз.

Біріншіден, түпкілікті тұтынушы үшін көрсетілетін қызметтердің сапасы міндетті түрде артуы тиіс. Білім саласы болса, бұл бірінші кезекте ата-аналарға, оқушыларға, мұғалімдерге қатысты. Денсаулық сақтау саласы болса — емделушілер мен дәрігерлер. Жұмыстың тиімсіз әдістері мен қағазбастылық азаяды, қызмет көрсету жылдамдығы ұлғайып, сапасы мен ашықтығы жақсарады. Егер жүйе осы мәселелерді шешуде аталған параметрлерге сәйкес келсе, онда ол іске асырылады. Біз цифрландыруды тек цифрландыру үшін іске қоспаймыз.

Екіншіден, менеджмент сапасын арттыру. Біздің жүйелер үдерістерді басқаруға, шын мәнінде не болып жатқанын көруге көмектесуі тиіс. «Санай алмасаң, басқара алмайсың» деген жақсы сөз бар. Жолаушылар ағынын санай алмасаң, тұрғындарды сапалы қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету процесін басқара алмайсың. Нақты сандарға сүйену керек. Осының бәрін ескере отырып, біз қала тыныс-тіршілігінің түрлі салаларына талдау жасап, бірінші кезекте басымдық берілуі тиіс негізгі бағыттарды анықтадық. Бұл қоғамдық көлік, білім беру, денсаулық сақтау, ТКШ, қауіпсіздік, сондай-ақ мемлекеттік қызметтер мен мемлекеттік басқаруды цифрландыру. Бұл күнделікті өмірде жиі кездесетін мәселелер.

- Цифрландыру деген нақты нені білдіреді?

- Қоғамдық көлікті мысалға алайық. Қалада 15-ке жуық тасымалдаушы компания қызмет көрсетеді. Тиісінше, персонал, жабдықтар, көлік құралдары олардың жеке меншігінде. Мемлекет олар үшін цифрландыруды өз қаражаты есебінен жүргізе алмайды. Бұл әділетсіз болар еді. Бизнеске тиімді болған кезде, иесі осы технологиялардың бәрін (автоматтандырылған басқару жүйелері, GPS-трекерлер және т.б.) мүмкіндігінше тезірек енгізуге тырысады. Егер тиімсіз болса – мұндай қызметтер әлдеқайда баяу енгізіледі, себебі цифрландыру бұл ашықтық. Қай тұста табыс тапқаның да, қай тұста алдағаның да көрініп тұрады.

Ал қоғамдық көлік біздің азаматтардың әлеуметтік өмір сүру саласы болғандықтан, бұл мемлекеттік функцияға айналады, оған басқару және мұның бәрі қалай жүзеге асып жатқанын байқау қажет. Өйткені, қала әкімшілігі жолаушылар тасымалына субсидия бөледі, азаматтардың жеңілдігі бар санаттарының жол жүруіне өтемақы береді, кейде көлік құралдарын сатып алады.

«Оңай» жүйесін қолданысқа енгізу қалай болғанын еске түсірсек. Қарсылық кейбір тасымалдаушылар тарапынан да, жолаушылар тарапынан да болды. Қазір қоғамдық көлік пайдаланушылары жолақы төлеудің жаңа түрін табысты қолданатынын көріп отырмыз. Бүгінгі таңда жерүсті автокөлігіндегі төлемнің 97%-і «Оңай» карталары арқылы жасалады. Бұл бізге көптеген мәселелерді шешуге мүмкіндік берді. Біз күн сайын қанша адам қоғамдық көлікті пайдаланатынын, қандай бағыттарда жүретінін, қосымша автобустарды қай жерге шығару керектігін көреміз.

Бүгінде әрбір автобуста GPS-трекерлер орнатылған. Біз қандай да бір көлік құралының қайда екенін және оның маршрутқа шыққан-шықпағанын көреміз. Бұл деректер ахуалдық орталыққа жүктеледі, талданады. Осының барлығы қоғамдық көлік қызметі саласын жақсартуға мүмкіндік береді, яғни азаматтардың өмір сүру сапасын арттырады.

- Қазір қай бағытта жұмыс белсенді жүріп жатыр?

- ТКШ саласы өте маңызды, ол қоғамдық көлік сияқты қарқынды дамып жатқан жоқ. Біз ресурстарды тұтынудың нақты көлемін түсінгіміз келеді: халық қанша тұтынады, өндіру үлесі қандай, қай тұста және қалай шығын болады. Бүгінгі таңда ортақ жылу есептегіш құралдарымен көп пәтерлі тұрғын үйлердің 90%-тен астамы қамтылған. Ал су бойынша қызықты жағдай – заңды тұлғаларды құралдандыру деңгейі 100%, көрсеткіштерді қашықтан алу - 40%-ті құрайды. Жеке сектор, атап айтқанда жеке тұрғын үй құрылысы 46%, ал көрсеткіштерді қашықтан алу тек 3%. Қазір осы секторды жаңғырту бойынша республикалық қолдау аясында үлкен бағдарлама іске асырылуда. Аз қамтылған отбасылар үшін субсидиялар бөлінеді, халықпен белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр.

Бұдан басқа ТКШ саласында ПИК қызметін және олардың халықпен өзара әрекеттестігін автоматтандыру іске қосылды. Тұрғындар үшін электронды жүйе арқылы ПИК жұмысына мониторинг жүргізу мүмкіндігі қамтамасыз етілді.

- Бағдарлама іске қосылған сәттен бері не іске асырылды?

- Нақты бір жұмысты толық аяқтадық деп айту қиын. Өйткені бұл бақылау мен талдауды талап ететін тұрақты жұмыс. Іске қосылған және толыққанды жұмыс істейтін жобалар бар. Қоғамдық көлік жұмысын ұйымдастырудан басқа, білім беру мен денсаулық сақтау саласына цифрландыруды табысты енгіздік. Өткен жылы балабақшаға және бірінші сыныпқа кезекке қою және жолдама беру бойынша мемлекеттік қызметтерді толық автоматтандырдық. Ата-ананың балабақша директорымен, аудандық білім беру бөлімімен тікелей байланыста болу қажеттілігі жоқ. Сіз кезекке тұрған болсаңыз, оған енді ешкім ықпал ете алмайды. Мұнда артық делдалдар жоқ. Бірінші сыныпқа бару, бір мектептен басқасына ауысу, мектептегі түскі ас, жазғы лагерьлер және т. б. байланысты осылай болады.

Денсаулық сақтау саласында бірыңғай медициналық ақпараттық жүйе жұмыс істейді. Дәрігердің қабылдауына жазылу және дәрігерді үйге онлайн шақыру қолжетімді болды. Бұған қоса осы бағдарлама денсаулық паспортын қағаз түрінде жүргізуден электрондыға ауысуға мүмкіндік береді. Өзіңізбен бірге аурухана кітапшасын алып жүріп, жоғалған жағдайда оны қалпына келтірудің қажеті жоқ. Қазір біз дәрігерлерде қағаз жұмыстың мүмкіндігінше аз болуына ұмтыламыз. Хаттама бойынша оларға 127 қағаз форманы толтыру қажет болған. Бір жыл ішінде 80% цифрланды, бүгінде мемлекеттік ауруханалар мен емханалар қағазсыз жұмыс түріне көшуде. Қазіргі уақытта 1 млн 768 мың электрондық денсаулық паспорты жасалды. Бұл қаланың барлық дерлік халқы.

Дәрігерді үйге шақыру және дәрігердің қабылдауына жазылу – алматылықтар арасында ең жоғары сұранысқа ие қызмет. Ол барлық ұсынылатын электрондық қызметтердің 60%-ін алады. Жалпы, Алматы тұрғындары өте озық пайдаланушылар. Egov.kzпорталының мәліметтері бойынша, барлық сұраулардың үштен бірі біздің қаланың үлесінде.

- Оңтүстік астана «ақылды» қала болған сәттің нақты көкжиегін көруге бола ма?

- Біз күн сайын осыған жақындап келеміз. Жалпы, көптеген еуропалық қалаларда цифрландыру үдерісі онжылдықтарға жалғасып, әлі де соңына дейін жеткен жоқ. Шағын және жаңадан салынған кезде «ақылды» қала құру оңай. Егер мегаполисті технологиялық қайта жарақтандыруға тура келсе, онда бұл үдеріс ұзағырақ болады. «Ақылды» қалалар құрылысына қатысты қызықты мысалдар бар. Мысалы, Татарстанда 5 мың адамға есептелген Иннополис. Қазықты, әдемі, бірақ Алматының бір ықшамауданы сияқты өте кішкентай. Басқа елдерде ұқсас жобалар бар, мысалы, Үндістанда 100 «ақылды» қала салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ мұндай жоспар БАӘ-де бар.

Айта кету керек, кейбір елдер мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруды енді бастап жатыр немесе таяуда ғана бастады. Ал біз көптеген нәрселерге үйреніп кеттік және қазірде бар жобаларға назар аудармаймыз. Мысалы, ХҚКО. Оларды біз 10 жыл бұрын енгізе бастадық, кейбір мемлекеттерде бұл тіпті ойға да кірмеген. Ал бүгінде орталықтар бізде шынайы болмыс ретінде қабылданады. Бизнес пен халыққа арналған мемлекеттік қызметтердің 80%-і цифрлық форматта көрсетіледі.

- Дегенмен не қисынды соңына дейін жеткізіледі?

- Менің ойымша, қоғамдық көлік саласында ауқымды жұмыс жүргізілді. Әйтсе де қалада интеллектуалдық көлік жүйесі бар деп айту үшін бірнеше мәселені пысықтау қажет. Біріншіден, бағдаршамдарды басқару. Бүгінде бізде бағдаршамдардың 77% автоматты басқарылады. Біз осы бағытта жұмыс істейміз. Оларды адам басқармайды, өздері жағдайды датчиктер арқылы қадағалайтын болады: жолдар мен жаяу жүргінші жүктемелері. Сондай-ақ бізге «ЖҚҚ» ААЖ («Жол қозғалысы қауіпсіздігі» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі) екінші кезеңін аяқтау қажет. Ол 2012 жылы алғаш рет Алматыда енгізілген болатын. Бұл ЖҚЕ бұзушылықтарын фото және бейнетіркеу жүйесі. Оған салынған инвестициялар алғашқы жылдары өтелді. Қала 3,4 млрд теңге салса, 5 жыл ішінде бюджетке айыппұлдардан 24 млрд теңге түсті. Бұл ақша көлік реформасына инвестицияланады.

Біз «ақылды» қала туралы айтқанда, бұл тек барлық үдерістерді көру мен басқару ғана емес, сонымен қатар талдау, болжау және алдын ала жұмыс істеу. Осы мақсатта ахуалдық орталық құрылды. Бұл әртүрлі модульдері бар автоматтандырылған ақпараттық-сараптамалық жүйе. Онда қаладағы әлеуметтік-экономикалық процестерге мониторинг жүргізу, талдау және жоспарлау үшін қалалық, республикалық ақпараттық жүйелер мен дерекқорлардағы мәліметтер интеграцияланған. Жүйе деректерді қолмен жинаудан құтылуға мүмкіндік беріп, «адами факторды» азайтады. Осының арқасында шынайы және өзекті деректер негізінде неғұрлым тиімді жедел және стратегиялық басқару шешімдері қабылданатын болады. Бұл бағытта ауқымды жұмыс жүргізу керек.

Қызметтерді автоматтандыру бойынша мемлекеттік және квазимемлекеттік органдар өзара белсенді ынтымақтастықта жұмыс жүргізіп, озық тәжірибелерді қабылдайды. Мысалы, біз Нұр-Сұлтанға барып, қалада big data бойынша жұмыс қалай қойылғанын көрдік. Бізге әртүрлі аймақтардан ахуалдық орталықты, әкімдіктің Open Almaty қоғамдық қабылдауын құру бойынша тәжірибеміз (жауап скрипттері, алгоритмдер, жүйелер) қызықтыратын делегациялар жиі келеді. Әрине, автоматтандыруға барлық өңірлер талпынады.

- Экология сияқты маңызды мәселеге тоқталсақ...

- Біз осы бағытта «Талап» сараптамалық орталығымен ынтымақтастықтамыз және Microsoft-пен бірге барлық сенімді деректерді жинайтын жүйені зерттеудеміз. Өйткені бұл тақырыптың айналасында, әсіресе Алматының экологиялық жағдайына көбірек не әсер ететініне қатысты әрқашан жоғары қызығушылық пен сан түрлі пікірлер бар. Әртүрлі сараптамалық бағалаулар бойынша қаладағы зиянды заттардың 65-70%-і автокөліктерден шығады. Біз осы мәселе бойынша ақпарат жинауды жалғастырамыз, сарапшылармен кездесулер, әртүрлі семинарлар өткіземіз, еліміздегі қалалар мен Ресейде орнатылған түрлі жүйелерді қараймыз. Бұл қала тұрғындары үшін күрделі әрі нәзік тақырып, оны шешу үшінсенімді деректер негізінде дұрыс жол таңдау қажет.

Бұдан басқа, көгалдандыру, газдандыру, қоғамдық көлікті газға көшіру бойынша көп жұмыс жүргізілуде, метро салынып жатыр, LRT енгізіледі, электр автобустарын құрастыру зауыты ашылды, қоқыс сұрыптау зауыты жұмысын бастады.

-Егер «ақылды» инновацияны қолдану туралы айтсақ, нақты қандай мысал келтіруге болады?

- Біздің әрбір бағдарламаның негізінде инновациялық технологиялар жатыр. Қазір біз машиналық оқыту, жасанды интеллект негізіндегі бірнеше бағдарламаны әзірлеп, енгізудеміз. Бұл жүйелер бізге қала өміріндегі тұтас салаларды басқаруға мүмкіндік береді. Кейбіреулерді біздің «ақылды» роботты енгізу идеямыз таң қалдырды, ол Бірыңғай байланыс орталығында тұрғындардың телефон қоңырауларына жауап беретін болады. Яндекстегі «Алиса» бағдарламасы іспеттес. Адам зеріккенде онымен әңгімелеседі. Біз ойын-сауық қызметіне айналмаймыз деп үміттенемін (күлді). Теориялық тұрғыда мұны қалай жасау керектігі түсінікті, енді орындаушыларды табу және оны іске асыру қалды.

Ақпарат көзі: Kapital.kz

Пайдалы сілтемелер