Алматы еліміздегі ең ірі мегаполистердің бірі. 2016 жылдың қаңтарында «Алматы – 2020» даму бағдарламасы қабылданған. Құжат барлық негізгі бағыттардың дамуын қамтамасыз етеді, соның ішінде экономика, әлеуметтік сала, қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіп, инфрақұрылым, экология және жер ресурстары, мемлекеттік қызметтер.

Осы ретте сапалы қалалық ортаны дамыту мәселелерін зерттеумен Урабанистика орталығы айналысады. Орталықтың басты міндеті қаланы  жобалау және Алматы қаласының сапалы қоғамдық кеңістіктерін дамыту  мәселелері бойынша ұсыныстар мен шешімдерді әзірлеу болып табылады.

2016 жылы Урбанистика орталығы жалпы ауданы 570 га болатын 130 жасыл аймақты зерттеді. Қаладағы саябақ, желекжол, аллея, бақтарды  ауқымды зерттеуге архитекторлар, дизайнерлер, экологтар және бей-жай емес қарапайым қалалықтар қатысты. Нәтижесінде 2017 жылдың басында Шеберхана ұйымдастырылып, онда тұрғындар қаланың әртүрлі  ауданындағы саябақтарды қайта жаңғыртудың 23 эскиздік жобасын жасады. 8 саябақ қайта жаңғыртылды және құрылыс жұмыстарына жергілікті тұрғындар қатысты.

Урбанистика орталығы пікірлер мен ұсыныстарды жинақтау үшін әрдайым белсенді тұрғындармен кездесулер ұйымдастырып тұрады. Тұрғындарды қалалық шешімдер үдерісіне тартуға арналған тұрақты алаңдардың бірі Еуропалық одақ қаржыландыратын, Британдық Кеңес, ҚБТУ және Алматы қаласының әкімдігі серіктес болып табылатын «БізАлматы» жобасы.  

Сондай-ақ «Алматыбасжоспар» ғылыми-зерттеу институты, халықаралық консультанттар мен Алматы қаласын дамыту орталығы Алматы қаласының  Шеберлік жоспарын әзірлеп жатыр. Урбанистика орталығы өзге департаменттегі әріптестерімен бірлесе әзірлеу үдерісіне қатысады. Шеберлік жоспар – қаланы стратегиялық кеңістіктік жоспарлау жөніндегі 15-20 жылға арналған құжат. Шеберлік жоспарда қала аумағын дамыту ғана емес, сарапшылар және тұрғындардың белсенді қатысуымен агломерацияны кешенді дамыту ескеріледі. Құжатты әзірлеу барысында қала мен оның жекелеген аудандары болашақта қандай болатыны айқындалады.

Урбанистика орталығы қадағалайтын немесе кеңес беретін көптеген жобалардың нәтижесі тұрғындардың қажеттілігі ескерілген жайлы және қолайлы ортаның қалыптасуы болмақ.

Пайдалы сілтемелер